Қостанайда соққыға жығылған дәрігерге қатысты тың мәліметтер белгілі болды

0
109

Қостанайлық уролог-дәрігер Антон Кистанов кезекшілік кезінде пациенттен ауыр соққы алған.


Қостанайда соққыға жығылған дәрігерге қатысты тың мәліметтер белгілі болды

ERNUR.KZ. Қостанайда соққыға жығылған дәрігердің жағдайына қатысты тың деректер белгілі болды, деп жазады baq.kz.

Елордадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы, нейрохирург-дәрігер Ержан Әділбеков дәрігердің жағдайына қатысты пікір білдірді.

Қостанайлық уролог-дәрігер Антон Кистанов кезекшілік кезінде пациенттен ауыр соққы алған. Жағдайының ауырлығы ескеріле отырып, медициналық авиация желісі бойынша біздің орталыққа жеткізілді. Қазір Нейрохирургия бөлімшесінде жабық бас-ми жарақаты, ауыр дәрежедегі ми соққысы, оң жақтан жедел субдуралды қан кету, маңдай бөлігінің полюстеріндегі соққы ошақтары, шүйде сүйегінің ұзынша жабық сызықты сынығы диагнозымен емделіп жатыр, - деп жауап берді аурухана басшысы.

Айтуынша, жарақаты ауыр.

Бірақ қазіргі сәтте пациенттің жағдайы тұрақталды. Есін біледі, ұлттық хаттамаға сәйкес ем қабылдауда. Жақында ол оңалту бағытына ауыстырылады деп сенеміз, - деді Ержан Әділбеков.

Сонымен қатар белгілі нейрохирург әріптестерінің пациенттер тарапынан мұндай жағдайға ұшырауына қатысты өз ойын айтты.

Бұл жағдайда мен не айта аламын?! Ең алдымен, дәрігерлік ниеттестік деген бар. Дәрігердің мамандығына, біліктілігіне қатысты ештеңе демей-ақ қояйын. Адамға көмектескісі келген дәрігерге агрессия таныту – қылмыстық әрекет. Жас буынды сабырлы болуға шақырамын, - деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басшысы.