Қостанайлық жас өнертапқыштар анимациялық латын әліппесін ойлап тапты

0
1 754

Әліппенің басты ерекшелігі – гаджеттермен бірге қолданылуында.


Қостанайлық жас өнертапқыштар анимациялық латын әліппесін ойлап тапты

ERNUR.KZ. 3Д мобильді қосымшаға негізделген жоба балалардың латынша жазбаны тез әрі ойын түрінде меңгеріп кетуіне бағытталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әліппенің басты ерекшелігі – гаджеттермен бірге қолданылуында.

Смартфоныңыздағы бағдарлама арқылы камераны кітапқа қаратқанда оқулықтан осындай 3Д анимациялық суреттер шығады. Бұл – әсіресе есту қабілеті төмен балалар үшін латын әліпбиін визуалды үйренуде таптырмас мүмкіндік. Ал көзі нашар көретіндер брінеше тілде дыбысталу арқылы жақсы түсінеді. Ілияс Әзілханов мен Зарина Мырзатаева бұл бағытта бірнеше ай талаптанып, білімдерін шыңдаған. Ізденістің арқасында жаңа технология 10 күн ішінде дайын болған.

– Бұл әзірше үлгі ғана. Әлі де жетілдіре түсетін дүниелер көп. Өзіміз ойлап тапқан қосымша шынайылық функциясын болашақта басқа да салаларда енгізу жоспары бар, - деді жоба авторы Ілияс Әзілхан.

«Жас кәсіпкер» жастар жобасының түлектері балабақша, мектептермен бірлесіп жұмыс істеуді көздейді. Ойын түріндегі технология балалардың тілді меңгеруге деген құлшынысын арттыратынына сенімді олар.

– Қарапайым кітап түрінде емес, суреттерді тірілту арқылы әліппе балаларға қызық болсын деген мақсат қойдық. Келесі жылдан бастап мектепалды даярлық және бірінші сыныптың оқу бағдарламасында қазақ тілі латынша оқытылады. Сондықтан бүлдіршіндер оған дайын болсын деген мақсатта еңбек еттік, - дейді жобаның тағы бір авторы Зарина Мырзатаева.

Инновациялық жобаны нарықта кеңінен таныстырып, табыс көзіне айналдыруда қаражат қолбайлау, дейді жас өнертапқыштар. Олар 500 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантты ұтып алуға үмітті.