ҚР ЭТРМ өкілі Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдаманы таныстырды

0
102

Қалдықтарды дұрыс басқару – өңіріміздің экологиясы мен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Экономиканың өсуі, құрылыс көлемінің артуы және тұтынудың өзгеруі барлық санаттағы қалдықтардың көбеюіне алып келді.


ҚР ЭТРМ өкілі Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдаманы таныстырды

ERNUR.KZ. Қалдықтарды басқару саласы өзара байланысты экологиялық, экономикалық және институционалдық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы орайда, саладағы проблемалық мәселелерді ескере отырып, Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес жинақталған проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді. Тұжырымдама заңнамаға сәйкес қоғамдық ұйымдармен, қауымдастықтармен, мемлекеттік органдармен келісуден өтті, яғни жан-жақты қаралды. Бұл туралы ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Тукенов ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, биыл 25 қарашада Үкіметтің отырысында таныстырылып, 23 желтоқсанда мақұлданды. Спикер мәселелердің негізгі блоктарына және Тұжырымдама жобасына енгізілген оларды шешу бойынша ұсынылған шараларға тоқталып өтті.

«Бірінші блок, ретсіз жүргізілген есеп және жарым-жартылай статистика. Бүгінгі таңда қалдықтың пайда болуы мен қозғалысының толық көрінісі жоқ. Қалдықтардың 30%-ы есептерде көрсетілмейді. Кәсіпорындардың тек 10%-ы ғана есепті электрондық форматта тапсырады. Техногендік минералдық түзілімдер бойынша қалдықтардың мемлекеттік кадастры мен Геология комитеті ақпаратының елеулі айырмашылығы. Мәселені шешудің негізгі шаралары мынадай: қалдықтың барлық түрін толық түгендеу және қалдықтарды мемлекеттік кадастрын жаңарту; барлық қалдық түзушілерді ақпараттық жүйеде міндетті тіркеу; жасанды интеллектіні енгізу арқылы саланы цифрландыру», – деді спикер.

Тағы бір маңызды шара – қалдықты бір реттік заңдастыру, яғни легализациялау, бұл қалдық иелеріне есепте жазылмаған нақты жиналған көлемді айыппұлсыз есепке алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде барлық қалдықтың нақты көрінісі анықталып, олардың пайдалы фракциялары айқындалып, қайталама айналымға тарту мүмкіндігі пайда болады.