ҚР Қаржы министрлігі жекешелендіру қорытындысын шығарды: 977 млрд теңгеге 402 объект өткізілді

0
106

Жекешелендіру бойынша ең ірі мәмілелердің ішінен Комитет басшысы «ҚазМұнайГаз», Air Astana және KEGOC ұлттық компанияларының IPO-сын ерекше атап өтті.


ҚР Қаржы министрлігі жекешелендіру қорытындысын шығарды: 977 млрд теңгеге 402 объект өткізілді

ERNUR.KZ. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның 2025 жылғы жұмыс қорытындысын шығарып, мемлекеттік активтерді басқару саласындағы негізгі нәтижелер туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде Комитеттің қарамағында 134 акционерлік қоғам, мемлекет қатысатын 37 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 168 республикалық мемлекеттік кәсіпорын бар.

2025 жылы республикалық бюджетке мемлекеттік акциялар пакетінен 164,7 млрд теңге дивиденд, заңды тұлғалардағы қатысу үлесінен 17,4 млрд теңге және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігі түрінде 11,1 млрд теңге түсті.

Сондай-ақ спикер АҚ мен ЖШС-нің директорлар кеңестері мен байқау кеңестерінің құрамына уәкілетті органдардың, Комитеттің өкілдері және тәуелсіз директорлар кіретінін хабарлады. Корпоративтік басқарудың үздік тәжірибелерін енгізу және тәуелсіз директорларды іріктеудің ашықтығын арттыру үшін бұл процесс автоматтандырылды. Сонымен қатар, e-qazyna.kz порталында олардың тізілімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Өткен жылы республикалық тұрғын емес қордың 1 638 объектісі және 107 жабдық бірлігі жалға берілді. Осының арқасында республикалық бюджетке 2,7 млрд теңге түсті.
Комитет басшысы жекешелендіру мәселесіне жеке тоқталып, оны экономикадағы құрылымдық өзгерістердің негізгі құралдарының бірі деп атады.

«Экономикадағы құрылымдық өзгерістер туралы айта келе, бұл жерде басты құрал жекешелендіру және мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектор объектілерін бәсекелестік ортаға беру екенін атап өткен жөн. Оның мақсаты - бәсекелестік ортада ұсынылған салалардан шығу арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. 2025 жылы 2021-2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру аяқталды, оның шеңберінде мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 623 объектісінің 402-сі 977 млрд теңге сомасына бәсекелестік ортаға берілді, тағы 68 объект қайта ұйымдастыру мен таратуға жіберілді», – деді Нұрмахан Әділбеков.

Жекешелендіру бойынша ең ірі мәмілелердің ішінен Комитет басшысы «ҚазМұнайГаз», Air Astana және KEGOC ұлттық компанияларының IPO-сын ерекше атап өтті. Олардың жиынтық құны шамамен 187 млрд теңгені құрады.

«Ағымдағы жылдан бастап республикалық, коммуналдық меншік пен квазимемлекеттік сектордың 500 объектісін қамтитын 2026-2030 жылдарға арналған жаңа Оңтайландыру жоспары іске асырылуда. Оны іске асыру қорытындысы бойынша мемлекеттің экономикадағы үлесі ЖІӨ-нің 13,2%-ына дейін төмендейді деп күтілуде. Бұдан бөлек, 2025 жылы Комитет жылжымайтын мүлік, көлік және жабдықтарды қоса алғанда, басқа да 687 республикалық объектіні өткізді. Оларды сатудан Ұлттық қорға 1,3 млрд теңге түсті», – деп атап өтті Комитет төрағасы.

Сондай-ақ елде мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін бақылау күшейтілуде. 2025 жылы экономика мен әлеуметтік саланың барлық дерлік негізгі секторларында - университеттер мен медициналық орталықтардан бастап өнеркәсіп орындары мен инфрақұрылым объектілеріне дейінгі аралықта жұмыс істейтін республикалық меншіктің 315 объектісіне мониторинг жүргізілді. Спикердің айтуынша, мұндай кең салалық қамту мемлекетке республикалық мүлікті пайдалану тиімділігінің кешенді көрінісін алуға, активтерді басқарудағы жүйелі проблемаларды анықтауға және оларды пайдалану тиімділігін арттыру үшін шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.