"Құлағынан ұста, ұр": Қарағандылық әке ұлына қарсыласымен төбелесте көмектесіп тұрған (видео)

0
903

Әкесі 7 жасар ұлына қарсыласын қалай және қайда ұру керектігін айтып тұрған.


ERNUR.KZ. Қарағандыда балалар арасындағы төбелестің видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Көршілері ойын алаңындағы алты жасар баланың жеті жасар баламен төбелесін телефонға түсіріп алған. Бұл ретте олардың біреуінің әкесі балаларды ажыратудың орнына, қалай және қайда ұру керектігін айтып тұрған, деп жазады Stan.kz.

"Қалпағыңды шеш, оны құлағынан ұста. Ұр, ұр. Денис, ары кет. Сергей, мен саған не айттым, құлағынан ұста. Басынан ұр, қолынан ұста, сен оны неге ұстап тұрсың?"- деп айқайлайды ер кісі.

Осы сәтте қарсыласының астында қалған бала жылай бастайды және тыныс ала алмай жатқанын айтып, айқайлай бастайды.

Ер адам күресіп жатқан ұлдарға жақындап, ұлына қарсыласын қалай жеңу керектігін түсіндіреді.

"Осылай құлағынан ұста, ұр. Оны ұр, сен неге тұрсың?" - дейді ол.

Бір кезде ер адам баласына қарсыласын ұруға көмектеседі, оны жатқан жерінен тұрғызады.

Қарағандының білім бөлімі оқиға Пришахтинскідегі 1-сынып оқушылары арасында болғанын хабарлады.

"Ұлдардың бірінің әкесінің мінез-құлқы қолайсыз деп саналады. Аталған факті Киров полиция бөлімінде тіркелген, ол бойынша тексеру жүргізілуде. Жағдай Октябрь ауданы прокуратурасының бақылауында", - деп мәлімдеді ведомствода.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға 21 қазанда болғанын хабарлады.

"Киров полиция бөлімінде 7 жасар балаға Зелинский көшесіндегі балалар алаңында 39 жастағы Қарағанды тұрғынының дене жарақатын салу фактісі тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша шешім қабылданады. Мән-жайлар анықталуда", - деп түсіндірді полицияда.