​Құрбан айтта қошқар көтеруден жаңа рекорд орнатылды

0
3 793


​Құрбан айтта қошқар көтеруден жаңа рекорд орнатылды

Суреттер: inform.kz

Алматыда еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ильяс Жұмай қошқарды 510 рет көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматының орталық мешітінде Асыл мұра бағдарламасы аясында мұсылмандардың мерекесі Құрбан айтқа арналып ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Бұл шараны таңғы айт намазына келген 4,5 мың адам тамашалады. Кез келген қатысушы өздерін қошқар көтеру, қол күрес, бағанаға шығу және асық атудан сынап көрді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтар, сондай-ақ, қошқар көтеру жүлдегерлері 40 келі қошқарларға ие болды. Оның екеуі 505 және 510 рет көтерген жас палуандар Бауыржан Әбдіхайым мен Ильяс Жұмайға бұйырды.

«Мен қатысайын ба жоқ па деп көп ойландым. Себебі алда Ресейде жарыс күтіп тұр. Бірақ 505 дегенді көріп, жігерленіп, қатысуға бел будым. Осылайша 510 рет көтеріп өзім үшін рекорд орнаттым. Мен әрқашанда өз қарсыласымды жеңуге тырысатын адаммын. Егер ол қошқарды 600 рет көтергенде, мен 605-ке жеткізуге талпынатын едім», - дейді еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ильяс Жұмай.

Ильяс Жұмай осының алдында, екі ай бұрын осы бағдарламаның ашылуында да дәл осындай қошқарды 205 рет көтеріп ұтып алған болатын. Ол күреспен 8 жасынан бастап айналысып, еліміздің абыройын көптеген халықаралық жарыстарда қорғап жүр. Айта кету керек, бүгінгі шараның қонақтарына жарыстардан бөлек арнайы дастархан жайылып, балаларға тәттілер таратылды.

«Асыл мұра» бағдарламасы қаладағы мешітке келуші жамағаттар арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.