Қытай шекарасындағы шектеу: Қазақстандық кәсіпкерлер шығынға батып жатқанына шағымданды

0
1 207

Қытай шекарасында болған әр күн үшін кәсіпкерлер 300 доллар төлеуі қажет.


Қытай шекарасындағы шектеу: Қазақстандық кәсіпкерлер шығынға батып жатқанына шағымданды

ERNUR.KZ. Қазақстандық кәсіпкерлер Қытайдың карантиндік шараларына қатысты шағымдарын айтты. Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар вагондарды санитарлық тазалау бойынша алты айлық кезек оларды шығынға әкелетінін жеткізді. Айтуларынша, осы уақыт ішінде бүлінген азық-түлікті қазақстандық кәсіпкерлер өз есебінен жоюға мәжбүр, деп жазады Stan.kz.

"Ауа райы өте ыстық болды. Температура жағдайы 42 градустан асып кетті. Бұл өз кезегінде балдың сапасына әсер етті. Карантин қызметі де бізге өз шағымын айтты. Осылайша азық-түліктің жарты бөлігін өз қалтамыздан жоюға тура келді", – дейді ферма басшысы Валерий Қасымбаев.

Күнбағыс пен астық экспорттаушылар да осындай жағдайға тап болған. Қытай шекарасында болған әр күн үшін кәсіпкерлер 300 доллар төлеуі қажет. Мұндай жағдай пандемия кезеңінің басталғанынан бері жалғасып келеді. Және ол қазірдің өзінде сауда көлеміне кері әсер етіп, жеткізу уақыты кейінге шегеріліп соның салдарынан өнім сапасы жоғалып кейде тіпті жарамсыз болып қалады.

Кәсіпкерлер палатасы осыған қарамастан Қазақстан Қытайдан тауар транзиті бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатқандығын мәлімдеді. Бірақ олардың шекарашылары Қытайға тек контейнерлерді жіберіп, ал вагондар санитарлық тазалыққа жөнелтіледі.

"Жағдайды ушықтырып тұрған тағы бір нәрсе автокөлікпен тасымалға да тыйым салынғандығы. Қытай тарапы автокөлікпен келген жүктерді қабылдамайды және өткізбейді. Алайда олар Қазақстанды Еуропаға тасымалдау үшін транзиттік жол ретінде пайдаланып отыр", – дейді Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Асқар Жақұпбаев.