Қызылорда және Түркістан өңірлерінің шаруаларын сумен қамтамасыз ету шаралары қабылданды

0
110

Қазір канал арқылы су беру кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр.


Қызылорда және Түркістан өңірлерінің шаруаларын сумен қамтамасыз ету шаралары қабылданды

ERNUR.KZ. Қызылорда және Түркістан облыстарының су шаруашылығы жағдайы Сырдария өзені бассейнінің сумен қамтамасыз етілуіне тәуелділігін ескере отырып, биыл 5 сәуірде Самарқандта Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының отырысы өтті, оның шеңберінде су беру кестесі бекітілді. Су беру тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 30 мамырда Қазақстан-Тәжікстан-Өзбекстан елдері арасындағы үшжақты форматында суару маусымының шыңына «Бахри-Точик» су қоймасының егістік науқанының қызған кезеңіндегі жұмыс режимі бекітілді, нәтижесінде маусымнан тамызға дейін «Достық» каналы бойынша 491 млн м3 су берілуге тиіс. Бұл туралы ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, қазір канал арқылы су беру кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, Қазақстан өз тарапынан ағымдағы вегетациялық кезеңде үкіметаралық келісімдер шеңберінде трансшекаралық су ресурстарын пайдалануға байланысты құқықтық мәселелерді пысықтау бойынша барлық қажетті шараны қабылдады.

«Мәселен, сәуір айында Шардара су қоймасына су келу бекітілген кестеге сәйкес 1 млрд м3 көлемін құрады. Қызылорда облысы бойынша суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі Сырдария өзені бассейніндегі ағымдағы су шаруашылығы жағдайына тікелей тәуелді. 2025 жылғы 24 маусымдағы жағдай бойынша Шардара су қоймасында 2,3 млрд м3 су бар. Шардара су қоймасының жұмыс режимі вегетациялық кезеңнің қажеттіліктерін ескере отырып реттелуде», – деді спикер.

Бұл ретте, бүгінде «Қазсушар» филиалы мен облыстың шаруа қожалықтары егістіктерді суару үшін 357 сорғы станциясы пайдаланып отыр. Оның 60 бірлігі – «Қазсушар» филиалының меншігінде, ал 297 бірлік – шаруаларға тиесілі.

Түркістан облысы бойынша сумен қамтамасыз етуге байланысты жекелеген тәуекелдер сақталуда. Олар «Бөген» су қоймасына байланысты. Отырар, Сауран, Ордабасы, Бәйдібек ауданы мен Түркістан қаласының жалпы ауданы 62 мың га-ға тең жерлерін суармалы сумен қамтамасыз ететін «Бөген» су қоймасында 2025 жылғы 1 сәуірге 357 млн м3 жиналған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен шамалас. Алайда, мамыр айында вегетациялық кезеңнің басында судың қарқынды пайдаланылуына байланысты су көлемі 237 млн м3 дейін төмендеді.

Бүгінгі таңда су қоймасындағы су көлемі 162 млн м3 құрап отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігіне, бассейндік инспекцияға және «Қазсушар» филиалдарына қолда бар су қорларының ұтымды пайдаланылуын бақылау бойынша тапсырма берілді, сондай – ақ суару жүйелерін қосымша қамтамасыз ету үшін 50 су алу ұңғымаларын қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.