Қызылордада мүгедек анасын жалғыз өзі асырап отырған ер адам жұмыс барысында тоқ соғып, көз жұмды

0
103

​Марқұмның анасына өтемақы төленді.


Қызылордада мүгедек анасын жалғыз өзі асырап отырған ер адам жұмыс барысында тоқ соғып, көз жұмды

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Қызылордада сот жұмыс орнында тоқ соғып қаза тапқан электриктың анасын өтемақымен қамтамасыз ету туралы шешім шығарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам акционерлік қоғамда электрослесарь болып жұмыс істеген және қызмет барысында тоқ соғып көз жұмған.

«Акционерлік қоғамда еңбек еткен электрослесарьды тоқ соғып, ол жұмыс орнында көз жұмды. Сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның өлімі электр жарақаты салдарынан болған. Оқиға өндірістік жарақат ретінде танылды», – делінген сот хабарламасында.

Марқұмның анасы сотқа жүгініп, ұлының отбасының жалғыз асыраушысы болғанын және қайғылы жағдайға жұмыс берушінің кінәсі себеп болғанын айтты. Ол өзіне І топ мүгедектігі берілгенін және қарт анасын бағып отырғанын жеткізді. Осыған байланысты моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді сұраған.

Жауапкер тарап отбасына бұған дейін жерлеу мен материалдық көмек ретінде 1,5 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеді.

Барлық дәлел зерттелгеннен кейін сот жұмыс берушінің кінәсі бар деген қорытындыға келді.

«Сот істі жан-жақты қарап, жауапкердің кінәсін анықтады және талап қоюшының пайдасына өтемақы ретінде 3 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды», – деп хабарлады сот өкілдері.