Лагерьде 10 жастағы баланы соққыға жыққан – директор жұмыстан қуылды

0
507


Лагерьде 10 жастағы баланы соққыға жыққан – директор жұмыстан қуылды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысындағы лагерьде балалар 10 жастағы ұл баланы соққыға жыққан. Осы оқиғадан кейін лагерь директоры жұмыстан қуылды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Лаура Батырғалиеваның айтуынша, арнайы тексерістен кейін тәлімгер де жұмыстан шығарылды. Ал тәрбиеші тәртіптік жазаға тартылды.
"Балалармен және олардың ата-аналарымен де әңгіме жүргізілді", - деді Батырғалиева.
10 жастағы бала әпкесімен бірге "Атамекен" лагеріне барған. Екеуі су тасқынынан зардап шеккен отбасы ретінде жолдама алыпты. Балалар лагерьде бірнеше күн болды. Ал үйге келгесін ата-анасы ұлдың денесінен көгерген жерлерді көрген.
"Үйге келгеннен кейін ұлым денесіндегі көгерген жерлерін көрсетті. Аяғы, қолы, бүкіл денесінде болды. 8-10 бала спорт залда жабылып ұрды деді. Сосын далада соққыға жыққан. Балалар ғой, оны түсінемін. Бірақ балаларды алған және оларға қарауға міндетті лагерь басшылығы қайда қараған? Осыны ұйымдастырған министрлік қайда? Ондай оқиғаға қалай жол берген?", - дейді баланың әкесі.