Ошағанды ауылы маңындағы бұл қондырғы Қазақстан аумағында жүзеге асырылып отырған алғашқы тәжірибелік жоба.
ERNUR.KZ. Астана - Теміртау жолында жаңа лазерлік ескерту жүйесі сынақтан өтуде, деп жазады baq.kz.
Қарағанды облысындағы Астана - Теміртау республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1402 шақырымында, Ошағанды ауылының маңында инновациялық белсенді лазерлік ескерту жүйесі алғаш рет сынақ режимінде уақытша орнатылды.
Аталған жүйе түнгі уақытта қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Арнайы сәулелік белгілер жүргізушінің көру аймағына тікелей түсіп, қауіпті жағдайларда дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік бермек. Бұл тәсіл жол-көлік оқиғаларына әкелетін шаршау, зейіннің төмендеуі және шектеулі көріну мәселелерін азайтуға септігін тигізеді, - деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Мамандардың дерегіне сүйенсек, жүргізушілердің лазерлік сигналдарға жауап қайтару уақыты дәстүрлі жол белгілеріне қарағанда бірнеше есе жылдам. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай технология енгізілген учаскелерде апат көрсеткіші 40-50 пайызға төмендеген.
Ошағанды ауылы маңындағы бұл қондырғы Қазақстан аумағында жүзеге асырылып отырған алғашқы тәжірибелік жоба.