Сайлау Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің конференциясының 19-сессиясы барысында өтті.
ERNUR.KZ. Қазақстандық қоғам қайраткері Ләззат Қалтаева БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі болып сайланды. Ол 2027-2030 жылдар аралығында комитет құрамында жұмыс істейді, деп жазады baq.kz.
Сайлау Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің конференциясының 19-сессиясы барысында өтті. Дауыс беру нәтижесінде Ләззат Қалтаеваның кандидатурасын 157 мемлекет қолдап, ол барлық үміткерлердің ішінде ең көп дауыс жинады.
Комитет құрамына Қазақстан өкілінен бөлек Армения, Бенин, Иордания, Қытай, Литва, Палау, Самоа және Эфиопия елдерінен ұсынылған кандидаттар да енді.
Инклюзия саласындағы тәжірибесі мол маман
Ләззат Қалтаева ұзақ жылдар бойы мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытында еңбек етіп келеді.
Қазір ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі әрі Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрайымы қызметін атқарады. Бұған дейін Сенат депутаты болып, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің құрамында жұмыс істеген.
Сондай-ақ ол жиырма жылдан астам уақыт бойы «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығын басқарды. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының қауымдастығына жетекшілік етеді.
Бұдан бөлек, Ләззат Қалтаева Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.
БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті – тәуелсіз сарапшылардан құралған халықаралық орган. Оның басты міндеті – мемлекеттердің Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция талаптарын орындауын бақылау және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар ол мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдап, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына ықпал етеді.


