Нұр-Сұлтан әкімдігі LRT-ны бюджет қаржысына салуға шешім қабылдады. Себебі бірде-бір инвестор жобаға өз ақшасын салуға келіспеді.
ERNUR.KZ. Қала басшысы Алтай Көлгінов те жеңіл рельсті қоғамдық көлік жүйесінің құрылысы бюджет есебінен аяқталатынын растады, деп жазады sputnik.kz.
"20 миллиард теңге көлеміндегі алғашқы транш бөлінген болатын. Бұдан бөлек, бізге тағы 577 миллион доллар керек. Құрылысты сол бұрынғы мердігер – қытай консорциумы аяқтайды. Біз алысқа кетіп қалдық, кері қайта алмаймыз. Сол себепті құрылысты аяқтаймыз", - деді Көлгінов мәжіліс кулуарында.
Осы орайда журналистер LRT-ға жыл сайын қанша қаражат қажет болатынын сұрады. Қала басшысының айтуынша, біраз ақша керек.
"Алдын ала есепке сәйкес, жыл сайын қызмет көрсетуге 4 миллиард теңге керек болады. Жол жүру ақысына да субсидия бөлінеді. Ал бағасы автобус ақысынан сәл жоғары. Бұл тиімді жоба емес, дегенмен жол трафигін төмендетуге мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті әкім.
Ал мердігер компания қаржы тұрақты түрде түсіп тұрса, LRT құрылысы екі жылда аяқталатынын айтты.