Құрбысы видеоны қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқаны қалыптастыру үшін әдейі қойылған болуы мүмкін деп топшылайды.
Ulysmedia коллажы
ERNUR.KZ. 19 жастағы Мадина Авезова қайтыс болар алдында анасына өз WhatsApp аккаунтынан видео жіберген. Кадрлардан қыздың өзіне қол жұмсауға дайындалып жатқанын аңғаруға болады. Алайда видеоны кім түсіргені және ондағы адамның шынымен Мәдина екені әзірге белгісіз. Марқұмның құрбысы бұл видео әдейі түсірілген болуы мүмкін деп күмән келтіріп отыр, деп жазады ulysmedia.kz.
Анасына келген видео
Мәдинаның анасы мен жақындарының журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатынан кейін оқиғаның жаңа деректері белгілі болды.
Мәдинаның құрбысының айтуынша, қыз қайтыс болардан аз уақыт бұрын анасының WhatsApp нөміріне оның аккаунтынан видео келген. Кадрдан көйлектің етегі көрінеді. Видеодағы адам шелек немесе басқа да бір тіреуіштің үстінде тұрғанға ұқсайды. Сондай-ақ оның бет тұсында арқан тұрғаны байқауға болады.
Құрбысының пайымдауынша, видео Мәдинаның өзіне қол жұмсауға дайындалғанын көрсету үшін түсірілген болуы мүмкін.
Алайда ол видеоның шынайылығына күмән келтіреді. Мұны кім түсіргені белгісіз. Сондай-ақ кадрдағы адамның Мәдинаның өзі екені де анықталмаған.
Құрбысы видеоны қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқаны қалыптастыру үшін әдейі қойылған болуы мүмкін деп топшылайды. Сонымен қатар ол видео түсіруге Мәдинаның күйеуі қатысы болуы ықтимал деген болжам айтты. Бұл мәліметтер әзірше ресми түрде расталған жоқ және тергеу барысында тексерілуге тиіс.
Некесі туралы
Руслан Өтепбайға берген сұхбатында Мәдинаның анасы қызының отбасылық өмірі туралы да айтып берді. Оның сөзінше, Мәдина болашақ күйеуімен интернет арқылы танысқан. Анасы бастапқыда бұл некеге қарсы болғанын және қызын «алып қашып кеткенін» айтты. Алайда Мәдинаның өзі жас жігітпен қалуды шешкен.
Мәдинаның қайтыс болғанын анасы қызының құрбысынан естіген. Әйелдің айтуынша, жерлеу рәсіміне марқұмның күйеуі де, оның туыстары да келмеген.
Соңғы жанжал «Барни» үшін болған
Бұған дейін Мәдинаның қайтыс болар алдында құрбысына отбасындағы жанжалдар туралы айтып, күйеуінен таяқ жегеніне шағымданғаны белгілі болған. Құрбысы қыздың денесіндегі көгерген жерлерді көргенін және одан жарақаттарының суреттерін алғанын айтқан.
Мәдинаның құрбысымен жазысқан хаттарына сәйкес, соңғы белгілі жанжал балаға сатып алынған «Барни» шоколадты бәліші үшін болған. Мәдина тәттіні өзі жеп қойған. Оның айтуынша, осыдан кейін күйеуі оны ұрған. Жанжалдан соң қыз заттарын жинап, күйеуінен кетіп, ажырасқысы келетінін айтқан. Сондай-ақ құрбысынан 15 мың теңге сұраған. Көп ұзамай оның қайтыс болғаны белгілі болды.
Полиция не дейді?
Бұған дейін Жамбыл облысының полиция департаменті Мәдинаны суицидке жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған.
Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тергеу мүддесіне байланысты полиция әзірше өзге ақпаратты жариялаған жоқ.


