Малынан айрылған құлсарылықтарға 120 млн теңгеден астам өтемақы төленді

0
373

Су тасқыны кезінде Құлсарыда 876 бас ұсақ және ірі қара мал зардап шеккен.


Малынан айрылған құлсарылықтарға 120 млн теңгеден астам өтемақы төленді

ERNUR.KZ. Жылыой ауданының Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тұрғындардан келіп түскен 101 өтінішті толығымен қанағаттандырды, деп жазады baq.kz.

Қосшағыл ауылдық округінде орналасқан "Қарағай" шаруа қожалығының басшысы Айтуар Мырзағалиевтің айтуынша, су тасқыны кезінде оның екі жылқысы суға батып кеткен. Ол өтінішін жергілікті кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жеткізген.

Бізге бағалау комиссиясы келіп, барлық құжаттарды зерделеді. Біраз уақыттан кейін залалды бағалау нәтижелерін хабарлады. Біз келісім беріп, шотымызға өтемақымызды алдық, - деді Айтуар Мырзағалиев.

"Еркінқалиева" ЖК шаруа қожалығында су тасқыны кезінде екі сиыр мен төрт қошқар суға батып кеткен. Залалдың жалпы сомасы 1,2 млн теңге.

Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүгінгеннен кейін, су тасқыны кезінде жоғалған малым үшін залал көлемі толығымен өтелді, - деді шаруа қожалығының басшысы Аида Еркінқалиева.

Жылыой ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың айтуынша, бүгінде малынан айрылған азаматтардың шоттарына барлығы 123,8 млн теңге аударылған.

Өтініштерді қабылдау жалғасуда, 15 жұмыс күні ішінде арнайы комиссия барлық құжаттарды қарайды, өтемақы малынан айрылған азаматтың жеке шотына аударылады. Бұған дейін қабылданған өтініштер бойынша залал толығымен өтеледі, - деді Нұртас Қуатбаев.

Еске сала кетейік, су тасқыны кезінде Құлсарыда 876 бас ұсақ және ірі қара мал зардап шеккен. Оның ішінде: 93 бас ірі қара, 697 бас ұсақ мал, 55 бас жылқы, 31 бас түйе, 532 құс бар. Бүгінде азаматтардан түскен барлық өтініштер бойынша өтемақы толық төленді.