Мұстафа Шоқай тағдырдың жазуымен Берлинде өмірден озып, мәйіті сондағы Сүлейман зиратына қойылған.
ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелді Мұстафа Шоқайдың сүйегін Қазақстанға әкелу мәселесін көтеріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазыпты. Қазір сол хаттың мәтінін әлеуметтік желі қолданушылары кеңінен таратып жатыр, деп жазады Skifnews.kz.
«Осы ашық хатты Сізге жолдау маған жеңілге түсіп отырған жоқ. Өйткені, хат тақырыбы кез келген азаматтық санасы тірі отандасымызды бейжай қалдыра алмайды» деп бастаған ол ашық хатты.
Одан әрі сүйікті Түркістаны үшін күрес жолында «азаттықтың ақ таңы әлі-ақ атады, елге ораламыз» деген үмітпен шетел асып, Отанының азаттығы үшін күресті халықаралық деңгейде жалғастырып, оған жаңа мазмұн және сипат берген Мұстафа Шоқайдың қысқаша өмірдерегіне тоқталып өткен. Ал негізгі айтпағы – сол алып тұлғамыздың сүйегін туған жерінің топырағына әкеп жерлеу мәселесі.
«Өкінішке қарай, еліміздегі жас ұрпақ Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсынұлының және басқа халқымыздың асыл азаматтарының мәйтінің қайда қалғанын да білмейді. Басқа халықтар сияқты жастарымыз басына барып, ішкі сырын ақтарып қайтатын «Ата бейітіміз» де жоқ.
Мұстафа Шоқай тағдырдың жазуымен Берлинде өмірден озып, мәйіті сондағы Сүлейман зиратына қойылды. Сүйікті де қадірлі өмірлік серігі Мария Шоқайдың сүйегі Парижде байыз тапты.
Халық «өткенге салауат» дейді. Аллаға шүкір, заман өзгерді. Жоғалтқанымызды түгендейтін кезеңге де жеттік. Алаш буынының аса көрнекті өкілі, ұлы күрескер тұлға – Мұстафа Шоқайдың және оның зайыбы Мария Шоқайдың сүйегін өз Отанына әкеліп, арулап қайта жерлейтін мезгіл келді», - дейді Мәмбет Қойгелді.
Айтуынша, өз тарихына құрметпен қарайтын елдерде асыл азаматтарын қайта жерлеу практикасы қалыптасқан. Мәселен, 1998 жылы Ресейде II Николай патшаның өзі және отбасы мүшелерінің сүйегі Санк-Петербургтегі орыс императорларының зираты Петр мен Павел соборына жеткізіліп, ресми түрде қайта жерленді.
Сонымен бірге, 2005 жылы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің тапсырмасымен ақгвардияшыл генерал А. Деникин мен зайыбының сүйегі АҚШ-тан әкелініп, орыс жеріне қойылды.
1996 жылы Түркияның сол кездегі президенті Сулейман Демирелдің қолдауымен азамат соғысы тұсында Тәжікстан жерінде қаза тапқан Әнуар пашаның сүйегі Түркия жеріне салтанатты түрде жеткізіліп, қайта жерленді. Енді біздің де ел азаматтарына сол үрдісті жалғастыру керек-ақ.
«Мұстафа Шоқайдың сүйегін өз Отанына жеткізіп, халқымыздың салт-дәстүрі арнасында қайта жерлеу рәсімін өткізу қоғам тарапынан зор түсінушілікпен қабылданатын маңызды оқиға және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру сәті болар еді. Мұндай тарихи акты қоғамның саяси және рухани тұтастығына қызмет етері хақ.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден осындай сауапты да аса маңызды іске бас-көз болуыңызды өтінемін» деп түйіндеген академик аталмыш ашық хатын.