Маңғыстау өңірінде ауыл шаруашылығы саласында биыл 38 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді.
ERNUR.KZ. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 22,4%-ға көбейді. Өңірде 95 мыңға жуық түйе басы тіркелген. Түйе сүтінің өнімдерін экспортқа шығару мақсатында түйе сүтін терең өңдеуге бағытталған 3 ірі инвестициялық жобаны іске асып жатыр. Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдырып экспортқа шығару жоспарда бар. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ОКҚ алаңында хабарлағандай, биыл түйе сүтін автоматтандырылған әдіспен сауатын цех ашылды.
Ағымдағы жылы 1,3 млрд теңгеге 43 ветеринариялық пункт салынып, барлық ветеринариялық ұйым қызметтік автокөлікпен толықтай қамтамасыз етілді.
«Өңірдің ерекше әлеуетті даму бағыттарының бірі – балық шаруашылығы. 2025-2027 жылдарға 4 ірі жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі - теңіз албырт тұқымдас балығын тор қоршамада өсіру шаруашылығын құру жобасы. Қазір елімізге балықтың біраз бөлігі Еуропа елдерінен импортталады (жылына 8000 тоннадан астам), келесі жылы 1300 тонна албырт тұқымдас (лосось) балық өсіру арқылы, импорттың 16%-ын қысқартамыз. 2029 жылға қарай 5 000 тоннаға дейін көбейту жоспарланған. Нәтижесінде, ел бойынша импорттың шамамен 60%-ын қамтамасыз етеді», – деді әкім.
Облыстың тиімді географиялық орналасуына орай өңірде көлік қозғалысының барлық түрі қалыптасқан. Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 97%-ы жақсы жағдайда. Бұл көрсеткіш республика бойынша жоғары көрсеткіш. 2025–2026 жылдар кезеңінде Маңғыстау облысының аумағында республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы ұзындығы 491 шақырымды қамтитын 16 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Маңғыстау облысы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы биыл жүк тасымалының көлемі 20%-ға артты.
«Semurg Invest» компаниясы 2027 жылға дейін флотты 6 кемеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Оның ішінде, биыл жүк көтерімділігі 7 000 тоннаны құрайтын құрғақ жүк кемесі іске қосылды.
Грузиялық кәсіпкерлермен бірге Құрық және Алят (Әзербайжан) порттары арасында тұрақты теңіз паром қатынасын ұйымдастыру үшін 6 паром сатып алу жобасы іске асып жатыр. Оның ішінде, 2 паромды 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарлануда. Жыл сайын 2 паромнан іске қосылып, 2028 жылға дейін толықтай 6 паромды қамтиды.
Жоба Қазақстанның отандық паром паркін қалыптастыруға, жүк айналымын арттыруға, кеме қатынасының дамуына ықпал етеді.
Бір жылдық келіссөздер нәтижесінде 2026 жылы жаңа теңіз порты жобасы қолға алынды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың 2-тоқсанында басталады. Аталған жобалардың іске асырылуы нәтижесінде 2030 жылы еліміздің теңіз порттары мен терминалдарының жылдық өткізу қабілеті 22,3 млн тоннадан 60 млн тоннаға артады.


