​Маңғыстауда «Иса» және «Досан» атты шекаралық катерлер пайдалануға берілді

0
1 980

Айлақтың ұзындығы 150 метрді құрайды және бір мезгілде 10 әскери кеме тоқтай алады.


​Маңғыстауда «Иса» және «Досан» атты шекаралық катерлер пайдалануға берілді

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай бүгін Баутино портында әскери кемелерге әскери-теңіз туын тапсыру рәсімі өтті, деп жазады ҚазАқпарат Маңғыстау облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, кеме басшылығына әскери-теңіз туын облыс әкімі Ералы Тоғжанов және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры Д.Ділманов тапсырып сәттілік тіледі. Әскери кемеге 1870 жылы орыс отаршылдарына қарсы көтерілген Иса Тіленбаев пен Досан Тәжиев бастаған маңғыстаулық екі батырдың есімдері берілді. Әскери кеме Орал қаласындағы «Зенит» зауытында құрастырылған. Аталған шекаралық кемелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы мен континенттік шелфінің мемлекеттік аумақтық суларын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар оларға мұнай-газ объектілерін қорғап, террористік көріністердің, заңсыз балық аулаудың алдын алу сияқты міндеттер жүктелген.

«Шекара қызметінің құрылымдарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселесі де шешіліп келеді. Бұл ретте Елбасының тапсырмасымен мемлекет бюджетінен ҰҚК Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жылма-жыл қомақты қаржы бөлініп келеді. Соның айғағы бүгін пайдалануға берілгелі отырған «Иса» және «Досан» шекаралық кемелері және пайдалануға берілген заманауи үлгідегі салынған теңіз айлағы. Бұл айлақ шекарашылардың алдында тұрған проблемаларды шешуде үлкен маңызға ие болады. Осының бәрі Сіздердің Отанымызды қорғаудағы қызметіңізге ерекше серпін беретініне сенімдімін», - деді өңір басшысы Ералы Тоғжанов.

Теңіз айлағының құрылысы өткен жылдың соңында басталған болатын. Айлақтың ұзындығы 150 метрді құрайды және бір мезгілде 10 әскери кеме тоқтай алады. Жаңа теңіз айлығының басты ерекшелігі заманауи үлгіде салынған құралдары, өрт сөндіру бекеті, электр қуат алу орны бар. Баутино порты шекара күзеті кемелерінің Каспийдің оңтүстік және солтүстік бөлігіне жылдам шығуға мүмкіндік береді.