Платформа мектеп оқушылары мен ересектерге болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі.
фото: Еңбекмин
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандық таңдауға бағыт-бағдар беретін «Мансап компасы» цифрлық платформасы арқылы кәсіби бағдар беру жұмыстарын жалғастырып келеді.
Платформа мектеп оқушылары мен ересектерге болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және экономиканың қажеттілігіне сай кадр қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде платформа арқылы 166 мың адам кәсіби бағдарлау диагностикасынан өткен. Оның ішінде 136 мыңы – мектеп оқушылары, 30 мыңы – ересек азаматтар.
Тек 2026 жылдың өзінде еліміздің барлық өңірінен 7-11 сыныпта оқитын 27 мыңнан астам оқушы кәсіби бағдарлау тестінен өтті. Платформаны Қызылорда және Маңғыстау облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындары белсенді пайдаланып отыр. Жыл соңына дейін 100 мыңнан астам оқушыны кәсіби бағдарлау диагностикасымен қамту жоспарланған.
«Мансап компасында» қазіргі таңда экономикаға қажетті 730 мамандық туралы ақпарат жинақталған. Олар экономиканың 16 бағытына бөлінген.
Пайдаланушылар өзіне қызықты мамандық туралы толық ақпарат алып, оның қай салада қажет екенін, қай өңірде жұмыс табуға болатынын, жалақы деңгейін және басқа да маңызды мәліметтерді қарай алады. Сонымен қатар таңдаған мамандық бойынша білім алуға болатын оқу орындары мен білім беру бағдарламаларын табуға мүмкіндік бар.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Төлеу Мұхтардың айтуынша, «Мансап компасы» адамның қызығушылығын еңбек нарығындағы нақты мүмкіндіктермен байланыстыруға көмектеседі.
– «Мансап компасы» адамның кәсіби қызығушылығын білім алу және кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен байланыстырады. Мектеп оқушылары болашақ мамандығын таңдау кезінде еңбек нарығында қандай бағыттарға сұраныс бар екендігін және оған қандай білім қажет екенін алдын ала біле алады. Ал ересектер үшін платформа мамандық ауыстыруға немесе кәсіби дамудың келесі бағытын жоспарлауға көмектесетін құрал болады», – деді департамент басшысы.
Платформаны дамыту арқылы кәсіби бағдар берудің бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл жүйеге оқушылармен қатар ата-аналар, мұғалімдер, білім беру ұйымдары және жұмыс берушілер де тартылады.
Осылайша, «Мансап компасы» – мамандықты таңдап қоюға емес, адамның қабілеті мен қызығушылығына, сондай-ақ еңбек нарығындағы нақты сұранысқа қарай кәсіби болашағын жоспарлауға көмектесетін құрал.


