Марат Бекетаев Қазақстанда көлеңкелі үкімет құрылуы мүмкін бе – министр жауап берді

0
2 428

​Әділет министрі мамандардың мәселелерді талқылауға қатысуы шешім табуға оң ықпал етеді деп санайды.


Марат Бекетаев Қазақстанда көлеңкелі үкімет құрылуы мүмкін бе – министр жауап берді

ERNUR.KZ. Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев республикада көлеңкелі үкімет құру туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп жазады sputnik.kz.

Бұған дейін "Ел бірлігі" атты тіркелмеген партияның ұйымдастыру комитетінің төрағасы, мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев Қазақстанда халықтық көлеңкелі үкімет құруды ұсынды. Оның айтуынша, баламалы министрлер кабинетін ел бюджеті есебінен қаржыландыру керек.

"Көлеңкелі үкімет үшін бюджеттен қаржыландыру және арнайы заңнамалық реттеу қажет деген пікірмен келіспеймін. Себебі, көлеңкелі үкімет институты заңнамалық реттеу аясында емес, дәстүрлер мен саяси мәдениет аясында жатыр деп санаймын", – деді Бекетаев брифингте.

Ол мысал ретінде "көлеңкелі кабинет" дәстүрі қалыптасқан Ұлыбританияны мысал ретінде келтірді. Мысалы, қаржы министрі қызметін атқарған саясаткер өзінің кәсіби мүдделеріне қарай, қандай да бір мәселелерге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстар әзірлейді.

"Егер уәкілетті, маман адам пікір білдірсе, диалог та сапалы шығады. Бірақ ең алдымен ондай адамдар болуы керек", – деп пікірін жалғады министр.

"Алдымен лайықты маман табайық…"

Бекетаев егер қайсыбір партияда жақсы мамандар болса және ол адамдар беделді болса, онда бұл қабылданған шешімдерге тек оң ықпал етеді деп санайды.

"Сондықтан да алдымен сұрақты басқаша қою керек секілді: мұндай азаматтар бар ма? Алдымен ондай мамандар пайда болсын", – деп атап өтті Бекетаев.

Оның айтуынша, мүдделі азаматтардың министрлердің көлеңкелі кабинетін жасақтауға ешқандай кедергі жоқ.

"Қазір мен "маған ақша беріңіз, мен мынандай адамдарды жалдаймын, олар жұмыс атқарады" дегенді естіп жатырмын. Ең алдымен беделі мен сенімі бар азаматтар болуы керек. Қаржы мәселесін содан кейін ғана көтеруге болады. Бәлкім, ол адамдар ешқандай жалақыны қажет етпейтін шығар. Бізде өздері мәселені зерттеп, пікір білдіретін және үлкен сенімге ие сарапшылар бар. Себебі, оларға бұл іс қызық", – деп қорытты министр.

Көлеңкелі кабинет – бірқатар елде бар құбылыс. Бұл термин оппозициялық партияның мүшесі болып табылатын және партия билікке келген жағдайда негізгі министрлік қызметке кандидат бола алатын саясаткерлер тобын білдіреді.