Мәжбүрлі неке не өлім күтіп тұр: Ауғанстандық 23 жастағы аруға Қазақстан босқын мәртебесін беруден бас тартты

0
296

Содаба Аттар сот шешіміне шағымдануды жоспарлап отыр.


Мәжбүрлі неке не өлім күтіп тұр: Ауғанстандық 23 жастағы аруға Қазақстан босқын мәртебесін беруден бас тартты

Фото: Bilal Guler/Anadolu Agency via Getty Images

ERNUR.KZ. Ауғанстандық 23 жастағы Садоба Аттар қиын жағдайға тап болды. Ол өзінің қауіпсіздігіне алаңдағандықтан Қазақстаннан өзіне босқын мәртебесін беруді сұрайды. Елінде оны өлім немесе мәжбүрлеп тұрмысқа беру жазасы күтіп тұр. Алайда Қазақстан билігі оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан, деп жазады stan.kz.

Тәліптер Ауғанстанда билікке келмей тұрып, Содаба Аттар білім беру саласында жұмыс істеген, қыздарды оқытқан, халықаралық ұйымдармен серіктестік орнатып, батыстық медиаға сұхбат берген. Алайда билік ауысқаннан кейін мұндай қызмет заңсыз деп танылды. Содабаның айтуынша, 2023 жылдың шілдесінде тәліптер оның әкесіне хат жіберген. Онда Ауғанстан Ислам Әмірлігінің әскери кеңесі оның қызына "ең қатаң жаза қолдану" туралы шешім қабылдағаны хабарланған.

Қыз орыс тіліне аударылған және нотариуспен расталған құжатын көрсетті. Ол жерде Содабаны отанында тек екі нәрсе күтіп тұрғаны жазылған: "не шариғат бойынша неке, не өлім".

23 жастағы бойжеткен өткен жылдың желтоқсан айында Иран арқылы білім алу визасымен Қазақстанға ұшып келген. Ол Алматыдағы университеттердің біріне грантқа түскен. Алайда визалық және логистикалық процестердің ұзаққа созылуы себепті, ол оқу басталған уақытты өткізіп алып, тек емтихандарға ғана үлгерген. Бірақ емтихандарды тапсыра алмағандықтан, грантынан айырылып, университеттен шығарылған.

Содабаның ақылы оқу үшін қаражаты жоқ. Оның барлық туыстары әртүрлі елдерде босқын ретінде өмір сүріп жатыр. Осылайша, оның білім алу визасы жарамсыз болып қалған. Ал ол туған жеріне оралуға үзілді-кесілді қарсы.

"Маған қатаң шаралар қолдану қаупі бар екеніне негіз бар, соның ішінде Ауғанстан аумағында мәжбүрлі некеге тұрғызу қаупі де бар. Себебі мен бірнеше жыл бойы үкіметтік емес ұйымдарда білім беру саласында жұмыс істедім", — дейді Содаба.

Сол себепті бойжеткен Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына босқын мәртебесін алу үшін жүгінген. Биыл қыркүйек айында оған желтоқсан айына дейін жарамды, уақытша баспана іздеуші куәлігі берілді. Алайда қазанда Содабаның босқын мәртебесін алу өтініші қабылданбады.

Бұдан соң Содаба Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросына (КМБПЧ) жүгінді. Мұнда оған заңгерлік көмек көрсетіліп, сотқа талап арыз дайындауға көмек көрсетіледі. Содаба босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімнің күшін жоюды және басқармадан “босқын” мәртебесін беруді талап етті.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта босқын мәртебесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережелерге сәйкес берілетіні анықталды. Аталған ережелерге сәйкес, "қудалауға ұшырау қаупінің дәлелі ретінде ресми билік органдарының, оның ішінде соттың, полицияның, прокуратураның, мемлекеттік қауіпсіздік органдарының өтініш берушіге (азаматтың немесе оның бұрынғы тұрғылықты жері бойынша) жауапкершілікке тарту туралы құжаттары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтері" берілуі тиіс.

Бұл ретте Алматы қалалық мемлекеттік органының өкілдері Содаба Аттардан құжаттардың түпнұсқаларын ұсынуды сұрағандарын, құжаттардың түпнұсқалығы тексерілетіні айтылғаннан кейін, оның құжаттарды беруден бас тартқаны айтылды. Әңгіме тәліптердің Содабаның әкесіне жазған хаты мен оның отбасына қауіп-қатер төніп тұрғаны айтылған әкесінің хаты болып отыр.

Содаба бұл ақпараттардың бәрі, оның ішінде орналасқан жері туралы мәліметтермен бірге тәліптерге жетуінен қорқып, құжаттарды беруден бас тартқан.

Осылайша сот бойжеткеннің пайдасына шешілмеді, керісінше зиянын тигізді. Нәтижесінде судья Альмира Рахымжанова Содабаның талаптарының барлығын қанағаттандырудан бас тартты.

"Құжаттар, атап айтқанда, 2023 жылдың 31 шілдесінде Талибанның талапкердің халықаралық ұйымдармен және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастық жасағаны үшін қатаң шаралар қолдану туралы хаты, сондай-ақ 2021 жылдың 7 ақпанында Андхой провинциясының басшысына Фаришта мен Навидулла есімді әйелі мен балаларына жасалған қауіп-қатер туралы әкесінің хатының түпнұсқаларын тексеру ықтималдығына байланысты талапкер ұсынудан бас тартты", – деп түсіндірді судья өз шешімін.

Сонымен қатар, ол ауған билігі 2022 жылы қыздың шетелдік паспорт алуына және 2023 жылы Иранға шығуына ешқандай кедергі келтірмегенін атап өтті. Демек, отанына оралуға негізсіз қорқыныш жоқ деп шешілді.

Содаба Аттар сот шешіміне шағымдануды жоспарлап отыр.