Мәжіліс жылқы тұқымын сақтауға және көбейтуге бағытталған түзетулерді мақұлдады

0
711

Заң жобасы Парламенттің бір топ депутаттарының бастамашылығымен әзірленген.


Мәжіліс жылқы тұқымын сақтауға және көбейтуге бағытталған түзетулерді мақұлдады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін көбейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Заң жобасы Парламенттің бір топ депутаттарының бастамашылығымен әзірленген. Жобаның мақсаты – мемлекеттік қолдау көрсету арқылы отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымынқалпына келтіру және асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту. Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған, мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазынасы», - деді Айдарбек Қожаназаров заң жобасына енгізілетін өзгерістер туралы айта келе.
Оның мәліметінше, 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, бұл барлық асыл тұқымды жылқылардың 9,7 %. Бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды екен, ал Адай жылқысының 1300 басы қалған.
«Егер спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша бір құжат қабылдамасақ, бабаларымыздың, ғалымдарымыздың көпжылдық еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр. 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторлардың бірі. Осыған байланысты Парламент депутаттары отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады», - дейді ол.

Аталған заң жобасы арқылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына түзетулер енгізілмек.

Заңнамалық түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған келесі іс-шараларды субсидиялау көзделген:

  • асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу;
  • асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу;
  • оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу.
«Аталған қолдау тетіктері, отандық спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарын дамытуға жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін бұқаралық дамытуға ықпалын тигізеді. Қазақ «жылқы – малдың патшасы, түйе малдың қасқасы», деп бекер айтпаған. Егер расымен де елімізден Қабірхан секілді мықты жылқылардың үлкен ареналарда топ жаруын қаласақ, осы заңды қолдауларыңызды сұраймын», - деді А. Қожаназаров.