Мектеп психологтарының құзырет деңгейі әлсіздеу. Сондықтан да психологтардың мәртебесі мен оларды оқыту мәселесін қайта қарастыру керек.
ERNUR.KZ. Жастарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс гранттарын барлық министрліктер бөлуі керек. Бұндай пікірді Парламент Сенатында Жастар жылына арналған дөңгелек үстел отырысында «Қазақстан жастарының конгресі» қауымдастық нысанындағы ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңнама барлық меморгандардың жастарды дамытуға қолдау жасауын ескерген. Алайда іс жүзінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың гранттарын көбіне Қоғамдық даму министрлігі ғана бөледі. Бейінді бағыттар бойынша басқа да министрліктер бойынша гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қаржыландыруды күшейту керек. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру саласында, Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық батырларды насихаттау бойынша роликтер мен материалдарды жасауды қамтыса дұрыс болар еді», - деді Т. Болысов.
Бұдан бөлек ол балаларға психологиялық көмек көрсету мәселесіне тоқталды. «Бүгінде жастардың көптеген проблемасы дұрыс психологиялық көмектің болмауына байланысты туындап отыр. Психологиялық қолдау институты тиісті деңгейде емес. Балалар мен жастар өмірлік қиын жағдайда кімге барарын білмейді. Мектеп психологтарының құзырет деңгейі әлсіздеу. Сондықтан да психологтардың мәртебесі мен оларды оқыту мәселесін қайта қарастыру керек», - дед Тоқтар Болысов.