Президентке ардагерлердің «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды жүзеге асыруға белсенді атсалысып жатқаны жөнінде баяндалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовті қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, қазір 2 жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Дәнекер» бастамасы қолға алынған. Оның нәтижесінде соңғы 4 жылда 6 896 даудың 4 563-інде тараптар істі сотқа жеткізбей келісімге келген. Ал, мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Іскерлік және жанашырлық» жобасы қазір Атырау, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, Президентке ардагерлердің «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды жүзеге асыруға белсенді атсалысып жатқаны жөнінде баяндалды. Олар су тасқынымен күрес кезінде халықты сабырға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде Мемлекет басшысына мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салаларына, өңірлерде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және дін мәселесіне қатысты ұсыныстар берілді.