Мемлекеттік қарыз 25 трлн теңгеден асты: министр мұның себебін түсіндірді

0
523

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсіп бара жатқанына алаңдады.


Мемлекеттік қарыз 25 трлн теңгеден асты: министр мұның себебін түсіндірді

ERNUR.KZ. Вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкімет мемлекеттік қарыздың мөлшерін қалай азайтатынын айтты, деп жазады sputnik.kz.

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсіп бара жатқанына алаңдады. Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, мемлекеттік қарыз бір жыл ішінде 15%-ға өскен.
"Биыл жыл басындағы жағдай бойынша сыртқы қарыз сомасы 7,8 трлн теңгені, соның ішінде: бестен бір бөлігі немесе 21% – Халықаралық Қайта құру және даму банкінің қарызы; Азия даму банкі қарыздары – 908 млрд теңге, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қарызы 326 млрд теңге құрайды. Сонымен қатар бізде ішкі қаржыландыру көздері бар: зейнетақы қорында шамамен 15 трлн теңге, екінші деңгейлі банктерде – 14 трлн теңге", - деді депутат.
Оның айтуынша, қарыздарды өтеуге және қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар 1,5 есе өскен.
"Егер былтыр қаңтарда бүкіл мемлекеттік қарыз 21,9 трлн теңге болса, биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша оның сомасы 15%-ке, яғни 25,3 трлн теңгеге дейін өскен. 2050 жылға қарай мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 45%-не дейін ұлғаяды деген болжам бар", - деп алаңдады сенатор.
Осыған байланысты Бұқтұғұтов қаржы министрінен елдің қарызын азайтудың қандай резервтері бар екенін сұрады.
Вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік қарыз – үкіметтің негізгі көкейкесті мәселелердің бірі және үкіметтің бақылауында.
"Неге қазір бұл мәселе көтеріліп отыр? Бүкіл әлемде инфляция өте жоғары, тиісінше базалық мөлшерлеме де өте жоғары. Қазір сырттан қарыз алу, бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін іштен қарыз алу да бюджет үшін қымбат. Әрине инфляция мен базалық ставка төмендегеннен кейін бұл ауыртпалық біршама азаяды", - деп түсіндірді Жамаубаев.
Ол бюджет тапшылығын бірте-бірте азайту керек екенін атап өтті.
"Биыл біз 3,2 трлн теңге бюджет тапшылығын қалдырдық. Оған қызмет көрсету үшін, яғни қарыздарды жабу үшін және осы тапшылықты қаржыландыру үшін 5,7 трлн теңге тартуымыз керек. Бұл тапшылықты біз бірте-бірте азайтамыз", - деді министр.
Айтуынша, негізгі табыс көзі – бюджеттің өз кірістері. Былтыр кірістер 40%-ке ұлғайса, биылғы нақтылаудан кейін кіріс көзі тағы 42%-ке жоғарылайды.
"Бұл жерде тек қана салықтық, кедендік әкімшілендіру есебінен қосымша 720 млрд теңге қарастырып отырмыз. Яғни 4 триллион теңгеден астам қаражат бұл тек қана өзінің кіріс көзінен келеді. Әрине, біз бұл үрдісті жалғастырамыз", - деді вице-премьер.
Жамаубаев ішкі нарықтан тартылатын қаржы бюджет тапшылығын жабуға көп көмегін тигізіп жатқанын атап өтті.
"Біз сыртқы нарықтан басқа ішкі нарықтан қаражат тартып отырмыз. Бізде жинақтау қоры, басқа да қорлар бар. Солардың қаржысы бюджет тапшылығын қаржыландыруға көп көмегін тигізіп жатыр. Ұлттық банкпен бірлесіп атқаратын жұмыс әлі де көп", - деді ол.
Қаржы министрлігінің жоспары бойынша мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге шаққанда 32%-тен, ал мемлекеттік шығыстардың осы тапшылықты қамтамасыз етуге кететін қаржысы 10%-тен аспайды деген болжам бар.