Зейнеткерлікке шығу жағдайында өтініш зейнеткерлікке шығу күнінен кешіктірмей бір ай бұрын берілуі тиіс.
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Атап айтқанда, қызметкерлерге сыйақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемақы белгілеу туралы шешім келесі тұлғалар тарапынан қабылданатыны белгіленді:
- бюджеттік бағдарламаның (кіші бағдарламаның) әкімшісі болып табылатын мемлекеттік органның басшысы, мемлекеттік мекеме басшысы немесе оларды алмастыратын тұлғалар;
- аппарат басшысы – мемлекеттік орган басшысымен келісу арқылы.
Орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын өзге де органдардың бірінші басшылары немесе оларды алмастыратын тұлғалар осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, қызметкерлерге сыйақы беру туралы нұсқаулықты өз бетінше әзірлеуге және бекітуге құқылы.
Сондай-ақ қызметкерлерге сыйақы беру келесі негіздер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін екені көрсетілген:
- лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін;
- мінсіз мемлекеттік қызметі үшін;
- ерекше маңыздылығы мен күрделілігі бар тапсырмаларды орындағаны үшін;
- белгілі бір кезеңдегі жұмыс нәтижелері үшін;
- шұғыл және алдын ала болжанбаған жұмыстарды орындағаны үшін, оларды жедел орындау органның немесе оның жекелеген құрылымдық бөлімшелерінің қалыпты (үздіксіз) жұмыс істеуіне тікелей әсер ететін жағдайда;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстары жоспарының іс-шараларын, Президенттің, Үкіметтің және Премьер-Министрдің актілері мен тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындағаны үшін;
- заң жобаларын, конвенцияларды, келісімдерді, шарттарды, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлегені үшін, егер бұл өкілеттіктер қызметкерлердің лауазымдық міндеттеріне кірмесе;
- жұмыстағы өзге де жетістіктері үшін;
- сондай-ақ олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша.
Жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша сыйақы беру мерекелік күндерге, мерекелік және мерейтойлық даталарға, сондай-ақ қызметкерлердің мерейтойларына орайластырылуы мүмкін.
Сонымен бірге келесі жағдайларда қызметкерге сыйақы берілмейтіні нақтылай түсіндірілген:
- сыйақы төлеу туралы шешім қабылданған күнге дейін тиісті мемлекеттік органда, оның ведомстволарында, сондай-ақ олардың аумақтық органдары мен бөлімшелерінде, олардың қарамағындағы мемлекеттік мекемелерде қызметкер ретінде 30 күнтізбелік күннен аз жұмыс істеген жағдайда.
Бұл талап мемлекеттік органға басқа мемлекеттік органнан, оның ішінде таратылған (жойылған) немесе қайта ұйымдастырылған органнан функциялар мен өкілеттіктердің немесе штат бірліктерінің берілуіне байланысты лауазымға қайта тағайындалу жағдайларына қолданылмайды;
сондай-ақ (қосымша енгізілді):
- жалақысы сақталмайтын демалыстан, оқу демалысынан немесе баланы үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты жалақысы сақталмайтын демалыстан шыққан жағдайда, егер мұндай демалыстың ұзақтығы алты ай немесе одан да көп болып, сыйақы төлеу туралы шешім қабылданған күнге дейін қызметкер 30 күнтізбелік күннен аз жұмыс істесе.
Қызметкердің лауазымдық айлықақысына үстемақы белгілеу келесі жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін:
- өзінің негізгі жұмысынан босатылмай, қысқартылған қызметкерлердің функцияларын немесе бос/уақытша бос лауазымдардың міндеттерін орындағаны үшін;
- өзінің негізгі жұмысынан босатылмай, уақытша болмаған қызметкерлердің міндеттерін (функцияларын) атқарғаны үшін;
- оған міндеттердің кеңейтілген ауқымы жүктелген жағдайда;
- жоғары кәсіби деңгей мен құзыреттілікке сай келетін жеткілікті тәжірибе (еңбек өтілі) мен дағдыларды іс жүзінде табысты қолданғаны үшін;
- орындалу көлеміне қарай мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері бар құжаттармен жұмыс істегені үшін;
- еңбек міндеттерін орындауға байланысты алған өндірістік жарақат, кәсіби ауру немесе өзге де денсаулық зақымдануы салдарынан, сондай-ақ органның басқару құрылымының өзгеруіне байланысты қызметкерді төмен ақы төленетін лауазымға ауыстырған (тағайындаған) жағдайда
- еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенге немесе мүгедектік белгіленгенге дейін, не ауыстырылған (тағайындалған) күннен бастап бір жылға дейін.
Қызметкерге материалдық көмек көрсету келесі жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін:
- оның жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) немесе қайын жұртының қайтыс болуы;
- некеге тұруы;
- баланың дүниеге келуі, балаларды асырап алуы немесе қамқорлығына алуы;
- қосымша қаржылық шығындарды талап ететін емделуі (стационарлық немесе амбулаториялық ем – санаторийлік емдеуді қоспағанда, он және одан да көп күнтізбелік күн);
- оған қатысты жасалған құқыққа қарсы әрекеттер (тонау, ұрлық және басқа да) салдарынан немесе табиғи апаттар (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және т.б.) нәтижесінде мүліктік зиян келтірілуі;
- зейнеткерлікке шығуы.
Материалдық көмек көрсету аталған жағдайлар қызметкер осы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп жүрген кезеңде орын алған жағдайда жүзеге асырылады.
Қызметкерлерді сыйақыландыру және лауазымдық айлықақыларына үстемақы белгілеу дербес құрылымдық бөлімшелер басшыларының, тікелей басшылардың (дербес құрылымдық бөлімше басшысы болмаған жағдайда), лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы бар тұлғалардың немесе мемлекеттік орган, мемлекеттік мекеме басшысы айқындайтын тұлғалардың жазбаша ұсынысы негізінде жүргізіледі.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ведомстволардың, аумақтық бөлімшелердің, мемлекеттік мекемелердің, атқарушы органдардың басшыларына сыйақы беру және үстемақы белгілеу жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың ұсынысы негізінде жүзеге асырылады.
Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар басшылары (олардың орынбасарлары) үшін сыйақыландырудың өзге де рәсімдері көзделуі мүмкін.
Ұсыныста қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, сыйақы (үстемақы) беру негіздері және мөлшері (қажет болған жағдайда) көрсетіледі.
Қағидалар сондай-ақ жаңа тармақпен толықтырылды: материалдық көмек қызметкердің өтініші берілген күннен бастап бір жыл ішінде төленеді, бұл ретте төлем жасалған күнге қызметкер тиісті мемлекеттік мекемемен еңбек қатынастарында болуы тиіс.
Материалдық көмек көрсету туралы өтініш жоғарыда көрсетілген жағдайлар басталған күннен бастап екі ай ішінде беріледі. Ал зейнеткерлікке шығу жағдайында өтініш зейнеткерлікке шығу күнінен кешіктірмей бір ай бұрын берілуі тиіс.
Аталған қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.


