Әлеуметтік желіде азаматтар «ханның баласы» болса да, қараша халыққа дұрыстап жауап берсін деп сын айтуда.
фото ғаламтордан алынды
"Сендерге есеп беруге міндетті емеспін! Мені сайлаған сендер емес!". Қоғам белсенділерінің «демалыс кезінде немен айналысып жатырсыз?» - деген сауалына Мәжіліс депутаты Владимир Божко осылай жауап берген, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде азаматтар «ханның баласы» болса да, қараша халыққа дұрыстап жауап берсін деп сын айтуда. Иә, халық қалаулылары қазір демалыста. Десе де өз уақытын қиып, қоғамдағы өзекті мәселелердің басы қасынан табылып жүргендер де жоқ емес.
Жалпы жағдай түсінікті болсын, айтайын. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина карантин кезінде халық қалаулылары нендей шаруа тындырып жатқанын білмек болып көбіне хабарласыпты. Бірі жауап қатқан, екіншілері телефонын көтермеген. Владимир Божко болса, фейсбук арқылы былай депті.
«Сіз құрметтім бір нәрсені шатастырып отырған сияқтысыз. Маған дауыс берген жоқсыз, сәйкесінше сайлаушым емессіз. Жұмыс берушім де сіз емес».
Айгүл Өтепова «сенген қойым сен болсаң» дегеннің керісі екенін айтады. Ассамблея атынан мәжіліске өтіп, төрағаның орынбасары болған Божко өзіне қатысты ешқандай шараның қолданылмайтынынын білген соң, осылай қыр көрсетті, дейді.
«Сіздің айлығыңыз халықтың салығынан құралады. Салық халықтың ақшасынан құралады. Сондықтан сұрауға менің қақым бар дедім. Мемлекеттік қызметкердің этикасы бар. Ол документ ретінде шыққан. Божко оны оқымаған шығар, менсінбейтін шығар», - дейді қоғам белсендісі Айгүл Өтепова.
Ашығын айтайық. Күнұзақ депутаттың өзіне де, көмекшісіне де қоңырау шалдық. Телефондары сөніп тұр. Владимир Божконың қоғаммен диалог құру стилі көпке белгілі. Осыған дейін әлеуметтік төлем үшін тізерлеп тұрып алғыс айтыңдар дегені әлі күнге ел есінде.
Мәжілістің вице-спикері осылай қыр көрсетсе де, өзге депутаттар қайнаған тірліктің бел ортасында жүрміз, дейді. Төменгі палатадағы 107 депутаттың бірерімен тілдестік. Мысалы, Магеррам Магеррамов коммунист әріптестерімен біріге отырып карантин кезеңінде республика бойынша 8000 мыңға жуық аз қамтылған отбасыға азық-түлік таратыпты.
«Бірнеше күн бұрын ғана тағы бір мәрте біріге отырып қаражат аудардық. Мұқтаж отбасыларға қолдан келгенше қолғабыс тигізіп жатырмыз. Көптеген өтініштер түседі. Бірі жерлеу рәсімімен мәселе бар дейді. Тағы бірі пәтерақысын төлей алмай жатыр. Барлығына көмектеуге тырысамыз. Жақында қарттар үйі, балалар үйі сияқты нысандарды аралап, ол жерге де керек жабдықтар жеткіздік»- дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Маггерам Магаррамов.
Нұржан Әлтаевпен де байланысқа шықтық. Мәжіліс депутаты дәріханаларды аралап, бағаларын салыстырып, халықпен тілдескен. Парламент өкілінің айтуынша 99 пайыз дәріханаларда вирусқа қарсы препараттар жоқ. Емханалардағы жағдай да мәз емес екен.
«Туысқандарына айтады екен дәрілерді өздерің сатып алыңдар деп. Мына жақта СК Фармация да басқасы да айтып жатырбіз толығымен қамтамасыз етіп жатырмыз, ол жерде тапшылық жоқ деп. Тапшылық болмаса неге азаматтар неге қалтасынан сатып алуы керек? Көптеген шенеуніктер айтатын мед.страховка төлеңдер, төлесеңдер ертең сендерді тегін емдейді дәрілерді тегін береді деп. Ал енді халық, кәсіпкерлер соны төледі. Ал ақша қайда?», - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев.
Құрамында 49 депутаты бар Сенаттың да өкілдерінің нендей шаруа тындырып жатқанын бағамдадық. Жоғары палатаның төрағасы Мәулен Әшімбаев сенаторлардың бәрі елде екенін жекізді.
Ал, Дана Нұржігіт сияқты белсенді азаматтар ел арасында жүріп, өткір мәселелерді көтеріп жүр. Жалпы алғанда Парламент мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жатқанын жеткізді.
Естуші мемлекет дегеннің бір көрінісі осы болар. Тек Божко сынды мырзалар халықпен сөйлескенде өзінің депутат екенін, ұмытпаса екен.