Экс-шенеуніктің досы астаналық "Дипломат" қонақүйінің басшысы кәсіпкер К. сол кездері Мұхамедиұлынан қаржылай көмек сұраған.
ERNUR.KZ. Астанада рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталған бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты жаңа сот отырысы басталды. Сотта экс шенеуніктің астанадағы қонақүйлердің бірін өз атына аудармақ болғаны, одан бөлек, сол жерде пандемия кезінде сауық сайран салып, қонақүй иесіне қысым көрсетілгені айтылды, деп жазады stan.kz.
Экс-шенеуніктің досы астаналық "Дипломат" қонақүйінің басшысы кәсіпкер К. сол кездері Мұхамедиұлынан қаржылай көмек сұраған. Мәміле нәтижесінде ЖШС-нің 71 пайыз үлесі шенеуніктің қайын енесіне өткен. Осы жағдайдан соң шенеунік қонақүйге үнемі келіп, өзін иесі сияқты ұстай бастаған.
Кәсіпкер 2020 жылғы пандемия кезінде мен медициналық қызметкерлерге қайырымдылық ретінде қонақүйді ұсынған екен. Ал сол жерде қызметкерлерге деп жасалған жағдайдың бәрін кәсіпкердің айтуынша Арыстанбек Мұхамедиұлы пайдаланған.
"Дәрігерлер жұмыстан кейін демалуы үшін мен аспазға шамамен 10 миллион теңге және бірнеше қорап алкоголь алдырдым. Менің тәжірибемде бұл бір жарым айға жеткілікті. Ал бір-екі аптадан кейін аспаз маған қоңырау шалып, ақша мен тамақтың таусылғанын айтты. Неге сонша тез деген сұраққа ол: Досыңыз Арыстанбек Мұхамедиұлынан сұраңыз деп жауап берді. Сөйтсем күнде ол достарымен осында шағын банкеттер өткізіп, ішімдік ішіп, пандемия кезінде күн сайын сауық-сайран салған екен", - деді сотта іс бойынша жәбірленуші ЖШС иесі К.
Кәсіпкер Мұхамедиұлымен сөйлесіп, барлық мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқанын да жеткізді. Алайда нәтижесінде шенеунік тарапынан қоқаң-лоқы, қысым көрген екен.
"Кездесулердің бірінде мен одан қаржылық қарым-қатынасымызды, қонақүйді басқару формасын реттеп, әйел қызметкерлерді мазаламауын сұрадым. Біз қонақүйдің фойесінде үстел басында отырдық. Алдымызға екі виски құйылды. Мен онымен қарым-қатынасымды түзеткім келді. Ал ол стаканды алды да, менің басыма лақтырғысы келді. Кейін оны үстелге ұрып, соғыстың басталғанын және менің түбіме жететінін айтты", - деді жәбірленуші.