Микрокредиттің күн сайынғы мөлшерлемесі өзгерді

0
83

Бұған дейін заңнаманы жүйелі түрде бұзған 99 микроқаржы ұйымының лицензиясы қайтарылса, тағы 29 ұйымның лицензиясы тоқтатылған болатын


Микрокредиттің күн сайынғы мөлшерлемесі өзгерді

фото: Пресс-служба министерства труда и социальной защиты Казахстана

ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредит беру тәртібіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп sputnik.kz.

Жылдық сыйақы 179 проценттен аспауы шарт

Бүгінде микрокредиттер беруге қатысты талаптар айтарлықтай қайта өзгерді. Бұрын ондай кредиттер бойынша күніне 1 процент көлемінде сыйақы мөлшерлемесі болған. Қазір ол 0,3 проценттен аспайды. Ал жылдық мөлшерлеме 179 проценттен артық болмауы шарт.
Кредитке қатысты басқа да шектеулер:
тұтынушылық микрокредиттің ең жоғары мөлшері;
бес жылдан астам мерзімге кепілсіз кредиттер беруге тыйым салу;
шарт жасалғаннан кейін міндетті 24 сағаттық шешім қабылдау кезеңін беру;
онлайн-микрокредиттерді қашықтан беруге қосымша шектеулер.
"Азаматтардың шамадан тыс борыш жүктемесін болдырмауға ерекше назар аударылады. Банк қарыздары не микрокредиттері бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға, сондай-ақ берешегі соңғы үш жыл ішінде кешірілген қарыз алушыларға жаңа микрокредиттер беруге шектеулер кезең кезеңімен енгізілді", - дейді агенттік мамандары.
Бұдан басқа, проблемалық берешекті коллекторлық агенттіктерге жаппай беруді болдырмау мақсатында жеке тұлғалардың берешегін басқаға беруге мораторий енгізілді. Бүгінде ол 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.

Жаңа талаптар

Микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға қатысты талаптар да күшейтілді. Атап айтқанда, бұдан былай микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталы кем дегенде 100 млн теңге емес, 200 млн теңге болуы қажет. Ал қайтарылмай жатқан микрокредиттердің ең жоғары деңгейі 10%-ға дейін аспауы шарт.
Коллекторлық қызметке қатысты талаптар:
басшылардың іскерлік беделіне қойылатын біліктілік талаптарын күшейту;
коллекторлық агенттіктердің қаржы ұйымдарымен және басқа да коллекторлық агенттіктермен үлестес болуына тыйым салу;
бір мезгілде бірнеше коллекторлық агенттіктерде қоса атқаруға тыйым салу;
агенттіктердің нотариустармен және олардың үлестес тұлғалары болып табылатын жеке сот орындаушыларымен өзара іс-қимылына тыйым салу.
Бұдан бөлек, олардың жауапкершілігін арттыру мақсатында әкімшілік айыппұлдардың мөлшері екі есе ұлғайтылды. Коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің өз өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және асыра пайдаланғаны үшін дербес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі енгізілді.

Жиі жасалатын бұзушылықтар

Бұған дейін заңнаманы жүйелі түрде бұзған 99 микроқаржы ұйымының лицензиясы қайтарылса, тағы 29 ұйымның лицензиясы тоқтатылған болатын. Ал коллекторлық агенттіктер тізілімінен 47 ұйым шығарылды.
Тексеріс кезінде жиі жасалатын бұзушылықтар да анықталды. Олар:
борыштық жүктеме коэффициентін есептеу бойынша талаптарды сақтамай не борыштық жүктеме коэффициентін асыра отырып микрокредиттер беру;
жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша шектеулерді бұзу;
заңнамалық шектеулер болған кезде микрокредиттер беру;
кредиттік бюроларға дәйексіз есептілік пен мәліметтер ұсыну;
борышкерлермен өзара іс-қимылдың белгіленген тәртібін бұзу.
Айта кетері, қазіргі кезде Қазақстанда 211 микроқаржы ұйымы мен 205 коллекторлық агенттік жұмыс істейді.