Мүфтият Жанат Бақыттың айтқанына қатысты мәлімдеме жасады

0
2 101

Белгілі тележүргізуші, кәсіпкер Жанат Бақыттың соңғы жазбалары ел арасында дау тудырған болатын.


Мүфтият Жанат Бақыттың айтқанына қатысты мәлімдеме жасады

ERNUR.KZ. Мүфтият журналистің жалған сөзіне қатысты мәлімдеме жасады, деп жазады baq.kz.

Әлеуметтік желідегі Жанат Бақыт деген журналистің Алла тағала туралы айтқан ауыр сөздері мұсылмандар арасында түсініспеушілік тудырды. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына әр өңірден түрлі пікір, наразылық білдірген хаттар келіп жатыр, -деді ҚМБД төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар.

Наиб мүфти шариғатта Алланың атынан жалған сөйлеу, өте ауыр күнә екенін айтты.

Алла тағала қасиетті Құранның Ән'ам сүресінің 144-аятында «Адамдарды надандықпен адастыру үшін Алланың атынан жалғанды жалпағынан басатын пендеден өткен залым бар ма?» деп баяндаған. Алла сақтасын, Құдай атынан жалған сөйлеуден ауыр іс жоқ. Әсіресе, Рамазан айында осындай келеңсіз сөзді айту мен үшін де ауыр, - деді ол.

Ершат Оңғар халық тарапынан сұрақ жиі қойылып, наразылық білдіріп жатқаннан кейін мүфтият атынан ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болып отырғанын айтты.

Хәкім Абай «Алла тағала - өлшеусіз, біздің ақылымыз - өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» деп айтқан. Осы ретте барша мұсылман қауымын, барша отандасымызды журналист Жанат Бақыттың сөзіне еріп, дәстүрлі сенімімізге селкек түсіріп, ел ішінде арандатушылық тудырудан сақ болуға шақырамыз. Қасиетті Рамазан айында мұндай ауыр сөз айтып, ел ішінде наразылық тудырып алудан сақ болайық. Тұтқан ораза қабыл болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла тағала тәуелсіздігімізді баянды етсін, - деді Ершат Оңғар.

"Алла кетті, Жаратушы келді": Жанат Бақыттың жазбасы желіде шу тудырды.