"Неге назар аудармайды?": Шахановтың көмекшісі Тоқаевтан көмек сұрады

0
923

Құдияр Біләл ақынның бір аптадан бері ауруханада жатқанын жазды.


Мұхтар Шахановтың орынбасары, жазушы Құдияр Біләл Facebook-те ақынның ауырып жатқанын айтып, президенттен көмек сұрады, деп жазады ERNUR.KZ.


"Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік желі бетінде хабарланғанындай, қазақтың бір туар дара перзенті Мұхтар Шаханов өзіңіз алаңдаушылық танытып отырған өкпе қабынуы ауруына шалдығып, Алматы қаласындағы "Қалқаман" ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ауырғанына бір жұмадан асты. Емдеу шаралары әлі күнге дейін оң нәтиже бере қойған жоқ. Аурухана әкімшілігі М. Шахановты ауруға шалдыққан көп адамның бірі ретінде ғана қабылдауда. Ал Шаханов, өзіңіз білетіндей, КСРО кезінен бастап тәуелсіздік алуымыз үшін қызмет еткен санаулы тұлғаның бірі. Рас, жоғары билік шешімдерінің бәріне бірдей бас шұлғи бермейді. Бірақ сіздің ұлттық мәселелерге қатысты шешімдеріңізді жоғары бағалайды. Өзіңіз президенттікке сайлауға түскен кезіңізде де ашық түрде қолдау білдіріп, ұлт зиялыларын төңірегіңізде жиналуға шақырған болатын. Мұхтар Шаханов сол ниетінен бір сәтке де айныған жоқ.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақ халқы ерекше құрметтейтін М.Шахановтың ауруханада бір аптадан бері елеусіз ем қабылап жатуы, көпшілікке әртүрлі ой салуда. Оларда: "Мемлекет қазақ ұлтының мәртебесін, рухани құндылықтарын асқақтату тұрғысында бар өмірін сарп еткен М. Шаханов сияқты ұлттық тұлғалар денсаулығына неге назар аудармайды?", - деген алаңдаушылық бар. Мұндай халық алаңдаушылығын өз мүдделеріне пайдаланғысы келіп жүрген күштер де аз емес. Соған орай Сізден М. Шахановтың денсаулығына мемлекеттік тұрғыда назар аударуыңызды сұраймыз", - деп жазды Құдияр Біләл.