​"Нұр Отан" партиясына хатшы тағайындалды

0
1 734

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық аппарат ұжымына партияның жаңа хатшысын таныстырды.


​

«Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Илья Теренченко партия хатшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық аппарат ұжымына партияның жаңа хатшысын таныстырды.

Мәулен Әшімбаев Илья Теренченконың жетекшілігімен партияның Павлодар облыстық филиалы нәтижелі жұмыс істегенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол Елбасы Жолдауында айтылған басымдықтар мен партия қызметін жаңғырту аясындағы бастамаларды жүзеге асыруға жаңа хатшының үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.

Партиямыздың Павлодар облыстық филиалы соңғы кездері барлық тапсырмаларды орындауда жақсы қырынан көрініп келеді. Тіпті оны еліміз бойынша жетекші филиалдардың бірі деп айтуға толық негіз бар. Бұл – әрине, Илья Теренченконың еңбегінің жемісі. Сондықтан оның хатшы болып тағайындалуы партиядағы меритократия тәсілінің нақты жұмыс істейтінін көрсетеді. Алдағы уақытта да осылай өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындаған мамандарымызға қолдау көрсету ісі жалғасатын болады. Өйткені біз өз мамандарымыздың қызметте өсуіне мүдделіміз. Сол себепті партияның кадрлық резервін қалыптастыру ісіне де үлкен мән беріп отырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның алдында Елбасының Жолдауда айқындап берген басымдықтары мен басқа да мемлекеттік маңызды бағдарламаларды және партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жобаларды жүзеге асыру міндеттері тұрғанын айтып, осы істе жаңа хатшыға үлкен жауапкершіліктер жүктелетініне назар аударды. Өз кезегінде, Илья Теренченко бұл қызметті Елбасы мен барша нұротандықтардың үлкен сенімі ретінде қабылдайтынын айтты.

Алғаш партия қатарына 2004 жылы келіп, «Жас Отан» Жастар қанатының қоғамдық жұмыстарына тұрақты қатысып жүрдім. Одан бері Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі болып, кейін партиямыздың облыстық филиалында еңбек еттім. Осыларды ескере отырып, жаңа қызметке тағайындалуымды, шын мәнінде, меритократияның ең жарқын үлгісі әрі мысалы деп қабылдаймын. Әрине, бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан Елбасы, партия Төрағасы алдымызға қойған міндеттердің табысты орындалуына өз үлесімді қосу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын, – деді ИльяТеренченко.

Теренченко Илья Сергеевич 1983 жылы 15 қарашада Павлодар қаласында туған. Заңгер, қаржы және кредит, сондай-ақ, саясаттану мамандықтары бойынша жоғары білім алған. 2006 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Бірнеше жыл бизнес саласында жұмыс істеген ол Павлодар облысында кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалын басқарған. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Ал 2016 жылдың сәуір айынан бастап бүгінге дейін «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.