Екі адам құтқарылып, 45-і эвакуацияланды.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде өрт болды, деп жазады ҚазАқпарат.
«2 мамырда сағат 21:52-де Нұр-Сұлтан қаласының «101» пультіне Мәңгілік Ел даңғылындағы «Айсанам» ТК өрт шыққаны туралы хабар түскен. Өрт сегізінші қабаттағы пәтердің балконынан шыққан және өрт сөндірушілер келген кезде жалын тоғызыншы қабатқа тарай бастаған», - делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілердің шұғыл әрекеттерінің арқасында сағат 22:10-де 35 шаршы метрді шарпыған жалын ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндіруге астаналық ТЖД жеке құрамынан 25 адам және 5 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған.
Өрт сөндіру барысында газдан және түтіннен қорғау қызметі бөлімдері баспалдақ арқылы 2 адамды құтқарды. Сондай-ақ 45 адам эвакуацияланды.