Нұр-Сұлтанда апатқа ұшыраған автобус жолаушысы не болғанын айтып берді

0
2 105

Тежегішті басып, тоқтаудың орнына қатты жүріп кеткен.


Нұр-Сұлтанда апатқа ұшыраған автобус жолаушысы не болғанын айтып берді

ERNUR.KZ. Елордадағы автобус апатынан жарақат алғандардың бірі аяғынан айырылды. Дәрігерлер күрделі операцияны жасауға мәжбүр болдық дейді. Одан бөлек тағы екі адам ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары есін жиған. Өмірлеріне қауіп жоқ деп сендірді. Жолға шығып, ауруханадан шыққандар автобус тізгіндеген Абай Оспановтың соңғы әрекеті туралы айтып берді, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

«Мен жолға қарап тұрдым. Ол тежегішті басып, тоқтаудың орнына қатты жүріп кетті. Біз «соғады» деп шыңғырып, айқайладық. Сол кезде соқты», - дейді зардап шеккен жолаушы Самал Әбділдақызы.

Самал Әбділдақызы 26 наурызда әдеттегідей жұмысқа бара жатқан. Соғылған автобустың алдыңғы орындығында отырыпты. Қолы сынып, маңдайы жарақаттанған. Соққының ауырлығын көріп, аман қалғанына шүкір деп отыр. Айтуынша, жүргізуші соңғы сәтте ешбір дауыс шығармапты. Тоқтатуға да әрекет жасамаған. Сонысына қарағанда, жүрегі ұстап қалды ма деп топшылайды. Қалай дегенімен, оған еш өкпем жоқ дейді.

«Бұл кісі ауырып қалған шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, тежегіші істемей қалды, бір нәрсе болған жоқ-ау. Ол кісінің жүрегі ұстап қалды ма білмеймін. Жүргізушінің түріне қарамаппын. Бірақ ол кісінің даусы да шыққан жоқ», - дейді Самал Әбділдақызы.

2-ші аурухана дәрігерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді десе де болады. Себебі айналасы жарты сағат ішінде 29 адам келіп түскен екен. Қазір олардың 13-і әлі емделіп жатыр. 3 адам жансақтау бөлімінде. Бірінің аяғын ампутациялауға тура келген.

Бейнежазбада да автобустың бар жылдамдықпен келіп соғылғаны анық көрінеді. Инструктор Денис Аксенов жүргізушінің денсаулығы сыр беруі мүмкін емес дейді. Өйткені, жүрегі ұстап не талып қалған адам рульге құлап, автобус шетке қарай бұрылушы еді деп отыр. Оның ойынша, Абай Оспанов тежегішті қатты басып қалып, істен шығаруы мүмкін.

Абай Оспанов 30 жыл бойы көліктің түр-түрін тізгіндеген. Сондықтан тәжірибесі аз деп айтуға ауыз бармайды дейді туыстары.

«Оның жүргізушілік тәжірибесі өте жоғары. 30 жылдан артық уақыт көлік тізгіндеп жүр. Кәсіби қателік жіберді деп айту әділетсіздік болар еді, меніңше», - дейді марқұм Абай Оспановтың інісі Асқар Оспанов.

Оқиғаға не түрткі болғанын көпшілік әлі болжаумен жүр. Тергеушілер де нақты себебін әзірге айтпай отыр.

«Сот дәрігерлік сараптамасының қорытындысына сүйеніп, мәлімет беруге мүмкіншілігіміз бар. Бірақ ол сараптаманың қорытындысы дайын болмағанша, қазір оны айта алмаймыз», - дейді қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаев.

Естеріңізге сала кетейін, жантүршігерлік жол апатынан екі адам көз жұмды. Бірі автобус жүргізушісі Абай Оспанов, екіншісі елордада жұмыс істеп жүрген 26-дағы Айзат Нұрекенова.