Нұр-Сұлтанда "еріншектерге" 14 мың теңгеден айыппұл салынып жатыр (видео)

0
2 353

​Елорда полициясы темекі тұқылын қоқыс жәшігіне апарып тастауға ерініп, кез келген жерге лақтыра салатындарды жазалады.


Нұр-Сұлтанда

ERNUR.KZ. Астаналық iKomek 109 қызметі көшеде темекі тұқылын тастаған көлік жүргізушілерін бейнебақылау жүйесі арқылы қалай жазалайтынын көрсетті, деп жазады sputnik.kz.

iKomek 109-дың ресми парақшасында жарияланған видеодан астанадағы бейнебақылау жүйесінің жұмысын көруге болады. Операторлар алдымен көлікте темекі шегіп отырған жүргізушіні түсіреді. Одан кейін оның темекі тұқылын далаға тастай салғанын көрсетеді. Бірнеше минуттың ішінде сол жерге патрульдік полиция барып, көлік жүргізушісіне айыппұл салады. Тура солай темекі шегетіндердің біразы жазаға тартылған.

Видеоға адамдар біраз пікір жазған. Біреулер "темекі сіздің әмияныңыз үшін қауіпті" деп қалжыңдаса, енді біреулер қаланың шеткі аудандарында бейнебақылау камераларын көбірек орнатуды сұрайды. Себебі адамдар темекі тұқылы былай тұрсын, бөтелке тастап кетеді. Адамдар көшеде түкіргені үшін көбірек айыппұл салу керек деп санайды.

"Осы темекі шегетіндер шаршатты. Балкон терезесін де аша алмаймыз, темекісін шегіп, лақтырып қана қоймай, қақырып кетеді. Оларға да айыппұл салу қажет", - дейді қала тұрғындары.

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте темекі тұқылын көшеде тастағаны үшін 5 АЕК (14 585 теңге) айыппұл салу жазасы қарастырылған. Тәртіп бұзушы осы әрекетін бір жылдың ішінде қайталаса, айыппұлдың көлемі артады.