Наразы топ бірнеше талап қойды.
ERNUR.KZ. 13 қыркүйекте Қазақстанның әр аймағынан келген мүмкіндігі шектеулі алты адам Нұр-Сұлтандағы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ғимаратының алдына тағы жиналды, деп жазады Азаттық.
Наразы топ көмекшіге бөлінетін қаражатты ортадағы басқа мекемелерге емес, тікелей өздеріне аудару, Қазақстан бойынша тегін жүріп-тұруға мүмкіндік жасау, мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақыны табыс ретінде есептеуді доғару тәрізді бірнеше талап қойды. Кешегі шарада билік өкілі берген жауапқа қанағаттанбайтынын айтқан олар президент әкімшілігіне дейін барғанын, бірақ президент көмекшісі Тамара Дүйсенованың өзімен сөйлесе алмағанын айтып қынжылды.
Наразы топтың айтуынша, құзырлы органдар мүмкіндігі шектеулі жандарға көмекші болып тіркелгісі келетіндерден білімі туралы диплом мен еңбек өтілін талап етеді.
«Көмекшіге білім мен еңбек өтілінің не қажеті бар? Оған берілетін ақшаны неге ортадағы «делдалдарға» жібереді?» дейді Семейден келген Айгүл Хасенова.
Екібастұздан келген Қапаров есімді азамат осы пікірді қоштап, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың өздерімен кездесуге шықпағанына қынжылатынын айтты. Оның сөзінше, далада айтқан талаптарының үкіметтегілерге жетуі екіталай.
Наразы жандармен сөйлесуге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің екі көмекшісі шықты. Өзін Әли Әділет деп таныстырған министр көмекшісі арыздардың қабылданғанын, бұл бойынша арнайы жұмыс комиссиясы құрылатынын айтты.
Оның сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған порталдың көмегімен түрлі қызмет түрін таңдауға болады. Наразы топ «порталды жасағанда біздің пікіріміз ескерілмеді, бізбен ешкім ақылдаспады» деп қарсы уәж айтып, порталдың ыңғайсыз тұстарын атап көрсетті. Министр көмекшісі жиналған топтың бұл сөзіне қатысты пікір айтпады.
Министр кеңесшісі мүгедектігі бар жандарды қолдауға бөлінген қаржының көлемі туралы сұрағына да жауап бермеді.
12 қазанда бұл топ осы мекеменің алдында жиын өткізіп, жеке көмекшінің ақы төленетін сағат санының қысқарғанына наразылық білдірген.