Нұр-Сұлтанда мыңдаған оқушының көлік картасына 40 мың теңгеден аударылады

0
549

​Тұрмысы төмен отбасынан шыққан және жетім балалар көлік картасы арқылы мектепке қажетті заттарды сатып алады.


Нұр-Сұлтанда мыңдаған оқушының көлік картасына 40 мың теңгеден аударылады

ERNUR.KZ. Елорданың білім басқармасы тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға қаржылай көмек беру тәртібін түсіндірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл әрбір балаға берілетін қаржылай көмектің мөлшері 40 мың теңгеге дейін көбейген. Осы ақшаны 17 мың оқушыға беру жоспарланып отыр. Қаржылай көмек арнайы электронды жүйеге "әлеуметтік бірліктер" ретінде түседі. Оны баланың "Transcard" мектеп-көлік картасы арқылы тек мектепке қажетті заттарға ғана жұмсауға болады.

"City Transportation Systems" ЖШС де (бұрынғы "Астана LRT") "Transcard" карталары арқылы қаржылай көмекті пайдалану тәртібін түсіндірді. 40 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға "Всеобуч Қамқор" электронды жүйесі арқылы үлестіріледі.


"Мұғалімдер осы жүйеге өз мектептеріндегі әлеуметтік осал топтарға жататын оқушылар туралы ақпарат енгізеді. Ал ақшалай қаражат "Всеобуч Қамқор" электронды порталында "Әлеуметтік бірліктер" түрінде аударылады. Ал "Transcard" мектеп-көлік картасы оқушыларды анықтау құралы ретінде пайдаланылады", - дейді мамандар.


Әр сауда орны NFC функциясы бар смартфонмен және жоба аясында жасалған қосымшамен қамтамасыз етіледі.

Сатушы телефон арқылы:

  • көлік картасындағы қолжетімді ақшаны тексереді;
  • оқушы таңдап алған тауардан сатып алынған заттардың тізімін жасайды;
  • көлік картасын телефонға жақындатқан кезде сатушы тауар сомасын есептеп алады;
  • шотта қаражат жетіспеген жағдайда сатушы жеңілдік бере алады немесе қолма-қол ақшамен/картамен қосымша төлемді ала алады.

Мектеп көлік карталарын жасау үшін Қошқарбаев даңғылы 50/1 мекенжайында орналасқан "City Transportation Systems" ЖШС орталық кассасына бару керек. Көмек алу үшін және мектеп көлік картасына "Әлеуметтік бірліктерді" аударуға өтініш қалдыру үшін оқу орнындағы әлеуметтік педагогке немесе 556-960, 550-179 нөмірлері арқылы хабарласу керек.


"Сондай-ақ пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін мектеп көлік картасына transcard.kz сайтында онлайн тапсырыс беруге болады", - дейді компания қызметкерлері.