Кеше Қызылорда облысында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, 13 адам қаза тапты
Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысындағы тікұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери қызметшілер мінген тікұшақтың апатқа ұшырағаны туралы қаралы хабарды Назарбаев зор күйзеліспен қабылдаған.
"Қазақстанның әскери қызметшілері әрқашан антына адал, сондай-ақ Отанына шексіз беріле қызмет етуде. Жастарымыздың мезгілсіз қаза болуы қабырғамызды қайыстырды. Орны толмас қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын", - делінген жеделхатта.
Айта кетсек, кеше кешке Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесі белгісіз себептермен құлап, түгі қалмай жанып кеткен. Әскери тікұшақтың бортында 13 адам болды, олардың барлығы қаза тапты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.