НЗМ өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер шындыққа жанаспайды.
yandex.kz
ERNUR.KZ. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (НЗМ) желісі ҰБТ-дан ең жоғары нәтиже көрсеткен түлектерге қымбат сыйлықтар, соның ішінде пәтер табысталды деген ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп жазады ulysmedia.kz.
НЗМ өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер шындыққа жанаспайды. Ұйым түлектері ҰБТ тапсырмайтынын, оның орнына сыртқы бағалаудан өтетінін атап өтті. Бұл бағалау нәтижелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ҰБТ сертификатындағы балдарға ауыстырылады.
— НЗМ Ақтөбе филиалының және желідегі басқа мектептердің түлектері ҰБТ немесе сыртқы бағалау нәтижелері үшін қымбат сыйлықтар алған жоқ. Осыған байланысты жазабаларда көрсетілген ақпарат шындыққа жанаспайды, — деп хабарлады ұйым.
ӘБЕНОВТІҢ СЫНЫНАН КЕЙІН
НЗМ-нің мәлімдемесі Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбеновтің ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлектерге пәтер сыйлау туралы ақпаратқа қатысты сынынан кейін жарияланды.
Ол мұндай бастамалар оқушылар арасында теңсіздік туғызуы мүмкін екенін айтқан еді.
Бұған дейін ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған түлектерді марапаттау туралы ақпарат тараған еді. Атап айтқанда, Тараздағы «Білім-Инновация» лицейінің түлегіне пәтер, автокөлік немесе 50 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтың бірін таңдау ұсынылған көрінеді.
Сондай-ақ Ақтөбеде 140 балл жинаған бірнеше түлекке пәтер берілгені хабарланған. Осыдан кейін кейбір жазбаларда мұндай сыйлықтар НЗМ түлектеріне де табысталғаны айтылған. Алайда білім беру ұйымы бұл ақпаратты жоққа шығарды.


