Астанада 22–24 сәуір күндері БҰҰ-мен серіктестікте 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) өтеді, оның аясында әріптестікті дамытуға және бірлескен бастамаларды іске қосуға ерекше назар аударылады.
ERNUR.KZ. Тақырыптық сессиялардың қорытындысы бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған 30-дан астам бірлескен бастама, меморандумдар мен келісімдер қабылдау немесе оларға қол қою күтілуде. Бұл туралы ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Бұл шара диалогтан нақты іс-қимылдарға көшуге және өңірлік кооперацияны күшейтуге мүмкіндік береді», – деп нақтылады спикер.
Сонымен қатар ол Саммиттің демеушілер қаражаты есебінен ұйымдастырылатынын атап өтті.
Саммит алаңдарында RES EXPO-2026 халықаралық жасыл технологиялар көрмесін өткізу жоспарда бар. Онда Орталық Азия елдерінің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін енгізіліп жатқан технологияларды ұсынады.
«Саммитке практикалық бағыт беру және қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты бизнес-шешімдерге айналдыру мақсатында Саммит аясында EXPO халықаралық көрме орталығы алаңында «RES 2026 EXPO» тұрақты шешімдердің халықаралық жасыл технологиялар көрмесін өткізу көзделген. Іс-шара халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, тұрақты технологияларды ілгерілетуге және экология мен тұрақты даму саласында инвестициялық әрі сараптамалық экожүйе қалыптастыруға бағытталған», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, шараға әлемнің 30 елінен компаниялардың қатысуы күтілуде және қатысушылар географиясы кеңейіп келеді. Көрме аясында экологиялық күн тәртібін түрлі өзара іс-қимыл форматтары арқылы жан-жақты ашуға бағытталған мазмұнды мәдени-іскерлік бағдарлама көзделген.
Көрме аясында Орталық Азия елдерінің ұлттық павильондары, салалық тақырыптық аймақтар мен Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыру көзделген.
Жалпы алғанда, Саммит мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және өзге де мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіруге арналған тиімді алаңға айналып, Орталық Азияның жаһандық климаттық күн тәртібіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ орнықты болашаққа қол жеткізудегі өңіраралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.


