18 желтоқсанда Чистое ауылының маңында мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ, зақымдалған «Hyundai Accent» автокөлігі табылды.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында жолда табылған, бірнеше жерінен оқ тиіп зақымданған нөмірсіз көлік білім саласы мекемесіне тиесілі болып шықты, деп жазады Ulysmedia.kz.
«18 желтоқсанда сағат 11:00 шамасында Чистое ауылының маңында «Челябинск – Новосибирск» автожолының 635 шақырымында мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ, зақымдалған «Hyundai Accent» автокөлігі (жүргізуші жағындағы есікте екі бытыра белгісі) табылды. Аталған дерек бойынша зардап шеккендер жоқ. Автокөлік ҚР БҒМ СҚО білім саласындағы бақылау департаментіне тіркелгені, оған Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны бекітілгені анықталды», – деп мәлімдеді өңірдің полиция департаменті.
Петропавлдық азаматтың өзі болса, 17 желтоқсан сағат 22:00 шамасында қозғалыс кезінде автокөлік сынып қалып, мемлекеттік нөмірді алып тастап, оны жол жиегіне тастап, есікті жауып тастап кетіп қалғанын айтқан. Тәртіп сақшылары бұл ақпаратты тексеріп жатыр. Тиісті дерек «Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабы аясында тіркеліп, қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған адамдарды анықтау жөнінде жедел іздестіру шараларын жүргізуде.