Оқушылардың сынып тазалау тәжірибесі қайта енгізіледі

0
1 164

Бұл бастама балаларды тазалық пен басқа адамның еңбегін бағалап, құрметтей білуге үйретеді.


Оқушылардың сынып тазалау тәжірибесі қайта енгізіледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда мектеп оқушылары өз кабинеттерін жуып-тазалайтын тәжірибе қайта қолға алынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жапон методикасына сай балаларды тазалық мәдениетіне үйрету тәжірибесі біздің гимназияда өткен жылдан бастап қолға алынды. Жоба 7-11 сыныптар арасында жүзеге асырылуда. Біз онда балаларды тазалық пен басқа адамның еңбегін бағалап, құрметтей білуге баулимыз. Әрине, мектепте тазалық қызметкерлерінен толықтай бас тартқан жоқпыз. Таңертеңгі ауысым сабағы аяқталған соң оқушылар өз кабиенттерін тазалап, келесі ауысымға тапсырады. Шынын айтқанда, бір ғана ата-ана қарсы болды, «қызымның мектеп тазалағанын қаламаймын» деп қысқа қайырды. Біз өз кезегімізде ата-аналарға аталған шараның ерікті түрде жүргізілетінін айтып, ескерттік. Ата-аналардың көбі қолдайтындықтарын жеткізді. Бүгінде біздің мектепте 1906 оқушы білім алуда», - деді Нұр-Сұлтан қалалық №80 мектеп-гимназияның директоры Гүлмира Жәрменова.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев аталған бастамаға қатысты өз пікірін білдірді.

«Біз мектепте әр тоқсанның алғашқы күнін парасаттылық сағатына арнау туралы шешім қабылдадық. Жапонияда балаларды тазалыққа кішкентайынан баулиды. Ол дегеніміз – тазалық мәдениеті. Былтыр Ресейде өткен футболдан Әлем чемпионатында жапондық жанкүйерлер мен футболистер өз орындарын тазалап, «Ойын үшін рахмет», деп жылы ілтипат білдіргенін бәріңіз білесіздер. Бұл өте маңызды, себебі баланы кішкентайынан тазалық пен біреудің еңбегін бағалауға үйрету – тәрбие. Осындай игі істің елорда мектептерінде қолға алынып жатқаны қуантады. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлері де астаналық тәжірибені үлгі етіп алады деген үміттеміз. Және өз тарапымыздан тазалық сағатын енгізу тәжірибесіне қатысты қажетті консультация беруге әрқашан дайынбыз», - деді Данияр Сабырбаев агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.