Олжас Бектенов Ақмола облысындағы көктемгі егіс жұмыстарының барысын тексерді

0
329

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесіп, Макинск қаласындағы құс фабрикасының жұмысын көрді.


Олжас Бектенов Ақмола облысындағы көктемгі егіс жұмыстарының барысын тексерді

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесіп, Макинск қаласындағы құс фабрикасының жұмысын көрді.

Үкімет басшысы «Журавлевка-1» ЖШС-дегі егіс науқанының барысымен танысты. Қазіргі таңда шаруашылықта егістік кешені тұқыммен толтырылып, майлы дақылдарды егу жұмыстары басталды. Серіктестік – Бұланды ауданындағы жетекші ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі. Шаруашылық тұқыммен және жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген. Биылғы жаздық егіс алқабы 88 771 гектарды құрайды. Күнбағысқа баса көңіл бөлініп отыр: бұл дақылға шамамен 16 мың гектарға жуық жер бөлінді, оның 4 мыңға жуық гектарына тұқым себілді. Сонымен қатар биыл егістіктерде сұлы, бұршақ, зығыр және рапс өсіріледі. Жалпы алғанда, өңірде көктемгі дала жұмыстары басталып кетті: қазіргі уақытта 510 мың га алқапқа егін егілді.

Мұнда Үкімет басшысының назарына А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы селекция нәтижесінде алынған майлы, бұршақты, мал азықтық дақылдардың сұрыптары ұсынылды. Мекемеде барлығы 105 сұрып дайындалып, Қазақстанның мемлекеттік тізіліміне енгізілді, қазіргі таңда түпнұсқа тұқым өндірісі 18 дақыл, 50 сұрып бойынша жүргізілуде. Олжас Бектенов ғылымды дамыту және ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді қолдану қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен саланы дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Жұмыртқа, сүт өнімдері, құс еті, ұн және мал азығын өндіретін «Ижевский» ӨК бас директоры Тимур Жангуразов отандық тыңайтқыштар өндірісінің көлемін арттыру жөніндегі сауалмен жүгінсе, майлы дақылдар өсіретін облыстың ірі кәсіпорны «Журавлевка-1» бас директоры Арман Құдайбергенов дизель отынын есептеу нормативтерін арттыру қажеттігін айтты. Дәнді, майлы дақылдар, етті бағыттағы жылқы және ірі қара мал өсірумен айналысатын «Ен-Дала» ЖШС директоры Тимур Пшенов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді инвестициялық субсидиялау бағдарламасына қатысты сауал жолдады.

Олжас Бектенов көтерілген барлық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіріп, әкімдік пен тиісті министрліктерге аталған мәселелерді ерекше бақылауда ұстауды, оның ішінде ЖЖМ уақтылы тиеп-жөнелту және шаруашылықтарды субсидиялар мен жеңілдікті несиелер түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен барынша қамту жөнінде тапсырма берді. Мәселен, биыл облысқа арзандатылған бағамен барлығы 83 мың тонна дизель отыны бөлініп, егін егу науқаны кезінде диқандардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Биыл облыс шаруалары топыраққа шамамен 258 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отыр, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 57%-ға артық. Бұл ретте, Премьер-Министр отандық тыңайтқыштарды сатудың басым бағыты ішкі нарық екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл біз агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемін ұлғайттық. Ендігі біздің ортақ міндетіміз – көктемгі егісті тиісті мерзімінде әрі сапалы өткізу. Азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеует осыған тікелей байланысты. Үкімет тарапынан барлық қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Проблемалық мәселелер бойынша әкімдік пен жауапты министрлікті жедел хабардар ету қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр Олжас Бектенов.

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бұланды ауданындағы Макинск құс фабрикасының өндірістік процесімен, сондай-ақ қуаттылықты одан әрі арттыру жоспарларымен танысты. Осы жылдың басынан бері құс фабрикасы 18,6 млрд теңгеге 18,7 мың тонна ет өндірді. Цехтарды аралау кезінде әлемдік өндірушілердің жабдықтарын қолдана отырып, инкубациялау, өсіру, сою және қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы заманауи технологияларға назар аударылды. Макинск құс фабрикасы құс етін ішкі нарыққа тұрақты түрде жеткізіп отыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ өнімді Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспорттайды.

«Үкімет Мемлекет басшысының алға қойған АӨК-тегі қайта өңделген өнімнің үлесін ұлғайту және оны 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі міндеті аясында жұмыс істеп жатыр. Терең өңдеуді дамыту, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қолдау және жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау мәселелеріне басымдық беріледі. Отандық өнімдер біздің нарық сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, шетелде де лайықты бәсекеге түсе алуы керек. Жаңа технологияларды интеграциялау маңызды, бұл өнімділікті арттырып, сапаға тікелей әсер етеді», — деген Олжас Бектенов, бұл үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін баса айтты.

Бүгінгі таңда Макинск құс фабрикасынан бөлек, Өскеменде өз өндірісіндегі құс етінен шұжық өнімдері мен деликатестер шығаратын зауыт жұмыс істейді. Сондай-ақ Үкімет басшысына Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарының аумағында өндірістік қуаты 240 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасын ашу жоспары туралы баяндалды. Жоба ТМД-дағы ең ірі жоба болады деп жоспарланып отыр. Құрылысты келесі жылы бастау көзделген. Жалпы алғанда, қуаттылықты арттыру елдің құс етіне деген ішкі қажеттілігін толық жабу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, Алматы облысында 100 мың тоннаға құс етін терең өңдеу зауытын салу жоспарда бар.

Биыл өңірдің азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары 52,6 млрд теңгенің өнімін өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,3%-ды құрады. 2024-2026 жылдары жалпы құны 123,6 млрд теңгені құрайтын 74 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарда бар. Премьер-Министр жобалардың уақтылы іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.