"Өмір сүргісі келді!" Қызылорда облысында колонияда қайтыс болған сотталушының туыстары мәлімдеме жасады

0
797

Қайғылы оқиға биыл 2 желтоқсанда болған.


ERNUR.KZ. Қызылорда облысындағы ҚАЖД аралас күзет мекемесінде қайтыс болған сотталушының туыстары қызметкерлер тарапынан жасалған озбырлық пен азаптауларға және Қызылорда қаласы Полиция басқармасы құқық қорғау органдары басшылығының әрекетсіздігіне шағымданды, - деп жазады Tengrinews.kz.

Қайғылы оқиға биыл 2 желтоқсанда болған. Ведомствоның әлеуметтік желідегі ресми сайтында бұл өзіне қол жұмсау дерегі деп жазылған. Бірақ марқұмның туыстары бұған келіспейді.

"2021 жылдың 2 желтоқсанында туысқанымыз жазасын өтеп жатқан колониядан қоңырау шалды. Қызметкерлер оны ұрып-соққанын, барлық сотталушы естіп тұрғанын, тез арада келуіміз керек екенін айтты! Біз дереу жеттік. Бірақ алдымыздан мәйіт шығаратын көлікке салып туысымызды шығарды. БАҚ бұл оқиғаны өзіне қол жұмсады деп жазды.
Бірақ бұл суицид емес еді! Туысқанымыз өмір сүргісі келетінін жиі айтатын. Өлерінен бірнеше сағат бұрын туыстарына қоңырау шалып алаңдамауларын айтып, ол Алматыдағы ауруханаға жіберу үшін құжаттар, анықтамалар дайындап жатқанын және жақын арада бәрі жақсы болатынын айтты", - деп жазады марқұмның туыстары.

Олардың айтуынша, сот сараптамасы созылып кеткен.

"Бүгінде Қызылорда қаласы Полиция басқармасының тергеушісі Абылай Байкенов біздің қоңырауларға жауап бермейді, істі қайда жібергеніне жауап жоқ. Tengrinews.kz - соңғы үмітіміз. Бұл мәселеде бізге көмектесіңіздер", - деді олар.

Қызылорда облысы бойынша ІІД-нің баспасөз қызметі аталған хатқа берген жауабында оқиға орнына тергеу-жедел тобы, прокуратура өкілдері мен облыстық ІІД басшылығы келгенін жазды. Бейнебақылау камераларына түсірілген материалдарды көріп, басқа сотталушылармен әңгіме жүргізілген. Сотталушыға қатысты заңсыз әрекет болғандығы туралы дерек бастапқы тексеру нәтижесінде анықталған жоқ.

"Бұл дерек тіркелді. Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Ұлттық ұланның №5547 әскери бөлімімен бірлесе отырып, қызметтік тексеру тағайындады. Тексеру нәтижесі бойынша бірқатар суицидтің алдын алу бойынша тиісті шараларды қолданбағаны үшін қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деді баспасөз қызметі өкілдері.

Оқиғаға байланысты Қызылорда қалалық Полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 2-бөлігі бойынша соталды тергеу амалдары басталған.

"Қазіргі уаықтта қылмыстық іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін қалалық прокуратураға жіберілді", - деді олар.