Балтабектің бар-жоғы 1,5 жыл уақыты қалғаны рас па?
ERNUR.KZ. Болат Назарбаевты Бәйтерекке, Қасым-Жомарт Тоқаевты Темірқазыққа теңеп, өлең шығарған Балтабек Нұрғалиевке әлеуметтік желілерде өзіне қатысты жазылған айыптаулар мен даттаулар жанына қатты батып, жүрегін ауыртады екен. Бұл туралы ол "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына берген сұқбатында айтты, деп жазады Zakon.kz.
Оның пікірінше, ол өз бағасын білетін, тіліне 18 ғаламды сыйдырған ақын екен.
"Әлеуметтік желілерде мені жерден алып, жерге салып жатады. Кездескенде де бетіме айтады. Қарғап-сілеп, айтылған кір сөздер адам баласын кішкене қажытып жібереді. Мен содан шаршадым... Бірақ менің өлеңдерімнің барлығы поэтикалық тұрғыда, әдебиет теориясы мен әдебиет тарихының шеңберіндегі дүниелер. Мен білімнен, теориядан, тарихтан аттап, ештеңе жасап жатқан жоқпын.Елбасыға арнап өлең шығарғаным рас. Елбасымыздың інісі Болат Назарбаевқа да өлең арнап, кітаптар жазғаным да рас. Ол кітапты өз дәрежесінде жазып шыққаным да рас. Маған жазған кітабым ұнайды. Оны шығармашылығымның бір биік белесі деп көремін. Шапырашты деп бөліп қарауға болмайды. Бәріміз бір қазақпыз ғой. Азбыз. Бір-бірімізді мақтамағанның еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын.
Болат Назарбаевтың өте мұқтаж адамдарға үнемі қол ұшуын беруі менің жүрегімді елжіретті. Менің кітап жазудағы басты себебім осы. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын деген бар ғой", - дейді ол.
Сондай-ақ ақын өз сұқбатында өмірінде ақша жағынан ешқашан таршылық көрмегенін де айтты.
"Өлең мені өлтірген жоқ. Маған үнемі тапсырыстар түсіп тұрады. Сондықтан қайыр сұрап жүрген адам емеспін. Мен біржақты ақын емеспін. Мен жазған өлеңдер көп. Бірақ мен бір кісіге өлең арнасам, мені солай ғана жазатын ақын деп ойлап қалады. Бұл дұрыс емес. Мәселен, Кенесары батыр туралы өлеңім бар, онымен жүлде де алғам. Төле би, Бекет ата, Яссауи бабамыз туралы да өлеңдерім бар. Мен Әбіш Кекілбаевтың, Есенбай Дүйсенбаевтың, Қадыр Мырзаәлінің, Фариза Оңғарсынованың шәкіртімін. Бәрінің батасын алғанмын. Мен өз бағамды білетін адаммын. Көріп отырған адамдар білсін, менің тіліме 18 мың ғалам сыйып кеткен... Ақындар мені мойындамайды дегеніңіз қате. Мені жоққа шығарып, бір ақын осы күнге дейін мақала жариялаған емес", - дейді ақын.
Сұқбат барысында Балтабектің шамадан тыс семіріп кетуіне, оның жүйкесінің тозуына оның айықпас дертке ұшырауы себеп көрінеді. Бар-жоғы 1,5 жыл уақыты қалыпты" деген сыбысқа қатысты да сұрақ қойылды. Ақын бұл сөзді жоққа шығарды.
- Ол өтірік. Бірақ маған қарсы қатты дуалар жасалған. Ауырғаным рас. Дауысым жоғалып, жазу қабілетім де жоғалғаны рас. Мәселе бұл арада қаражатқа тіреліп тұрған жоқ. Батпандап кірген аурудың мысқылдап шығатындығында боп тұр. Қазір емделдім, денсаулығым мықты деп есептеймін, - деді бұл сауалға жауабында ол.