Батыс Қазақстан облысының экономика саясатының басым бағыттарының қатарында шағын және орта бизнесті тартып, бәсекеге қабілетті өндірістерді құру бар.
фото көрнекілік үшін (ашық дереккөзден)
Батыс Қазақстан облысы кейінгі жылдары көңіл бөлініп отырған өңірдің бірі. Мұнда өткен 2021 жылдан 2025 жылдарға даму бойынша арнайы жоспар құрылған. Оның басым бағыттарының қатарында тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту, тұрғындарды жұмыспен қамту бар. Бұл ұзақмерзімді жоспар «Қазақстан 2050» стратегиялық жоспары және 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын басшылыққа алады.
2021-2025 жылдардағы негізгі мақсат-міндеттің бірі – табиғи ресурстарға бағаны төмендету кезінде экономикамыздың тұрақтылығын арттыру. Сондай-ақ мемлекеттің дамуының жаңа бағытын іске асыруды одан әрі де жалғастыру, өндіріске және адами капиталға инвестициялардың тұрақты өсу қарқыны есебінен экономиканың тиімді және сапалы өсуін қамтамасыз ету.
ӨҢІРДІҢ ӨНДІРІСТЕГІ ЖЕТІСТІКТЕРІ ЖЕТЕРЛІК
Батыс Қазақстан облысының экономика саясатының басым бағыттарының қатарында шағын және орта бизнесті тартып, бәсекеге қабілетті өндірістерді құру бар. Сондай-ақ өңір басшылығы номенклатураны кеңейту және қосылған құны жоғары тереңдетілген қайта өңдеу өнімдерінің үлесін ұлғайтуды жоспарлаған. Сондай-ақ облысты дамытудың басым бағыттарының қатарында өнеркәсіп саласы да бар. Өңірдегі өнеркәсіпті дамыту, ішкі сұраныс пен экспортқа бағдарланған экономиканың шикізаттық емес салаларының үлесін ұлғайту да күн тәртібінде өзектілігін жоймаған. Осы аралықта мұнай-газ саласында өндірістік объектілерін салу/жаңғырту бойынша 3 ірі жобаны іске асыру жоспарланған.
Үлкен үш жобаның ішінде «Қарашығанақ Петролеум Оперейтингтегі» газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жобасы да бар. Жоба шикі газдың қосымша көлемін жылына 4 миллиард текше метрге дейін өңдеуге мүмкіндік береді деп жоспарланған. Ол сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін барынша арттыру үшін қабатқа кері айдау үшін пайдаланылады. Газ өндірудің қосымша өсімі шамамен 10 млн. тоннаны құрайды.
Тағы бір жоба – газды кері айдау компрессорының төртінші жобасы. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» объектілерін пайдалануды арттыру, газ дайындау бойынша ҚКП қуатын ұлғайту, ұңғымаларды басқаруды оңтайландыру арқылы сұйық көмірсутектерді өндіру көрсеткіштерін жақсарту да қарастырылған.
Қарашығанақты кеңейту жобасының бірінші кезеңі де осы аралықта жүзеге асады. Жоба бойынша жинау жүйесін салу, газды дайындау мен кері айдаудың қосымша қондырғысын салу, газды кері айдаудың жаңа ұңғымаларын бұрғылау және қосу және т. б. Жоспарланып отыр.
БҚО-да 2021-2025 жылдары 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ облыс бойынша 177 инвестициялық жоба іске аспақ. Оның ішінде қызанақ және қияр өсіретін жылыжай кешені құрылысы бар. Ол 4400 тонна қияр, 3450 тонна қызанақ өсіруге қауқарлы болмақ. Жартылай тіркемелі техника өндіретін зауыт салу да жоспарда тұр. Оның қуаттылығы – қуаты жылына 200 бірлік техника. Орал қаласында шағын қайықтардың кеме жасау өндірісін кеңейту және жаңарту жоспары орындалмақ. Оның қуаты 4 жылда 3 бірлік техника өндіреді. Бөрлі ауданында зауыт ашылады. Ол жерде асфальт бетон өндіріледі. Қуаттылығы жылына 135 мың тонна асфальт өндіру болмақ.
Теректі ауданында 281 га алаңда жаңа индустриялық аймақ құрылады. Бәйтерек ауданында балық шаруашылығына арналған зауыт ашылады. Сондай-ақ дәл осы ауданда бензин өндіретін зауыт салу мәселесі қаралып жатыр. Оның қуаты жылына 50,0 мың тонна метанол және 135,0 мың тонна бензин өндіру болмақ. Облыстың орталығында 12 гектар алаңда сауда және көлік-логистикалық орталық салу жоспары да 2021-2025 жылдары жүзеге аспақ.
Электр энергетикасында 2021-2025 жылдар аралығында шамамен 10,5 млрд. кВт өндіру жоспарланған. Электр энергиясы, жылу энергиясы – 15,7 млн.Гкал болады. Батыс Қазақстан облысында бір жылу электр станциясы бар. Ол Орал қаласында орналасқан. «Жайықжылуқуат» АҚ теңгерімінде және пайдалануда 23 қазандық бар. 23 қазандықтың ішінде: 10 қазандық жылу беру кезеңінде, 13 қазандық жыл бойы жұмыс істейді. Қазір апатты жағдайда тұрған қазандықтар жоқ. Облыс халқының газбен қамтамасыз етілу үлесі 99,3%-ды құрайтындықтан, көмірге деген сұраныс төмен. Облыс бойынша 1324 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның ішінде Орал қаласы бойынша 1206 көппәтерлі тұрғын үй және Ақсай қаласы бойынша 118 көппәтерлі тұрғын үй бар. Облыс халқының газбен қамтамасыз етілу үлесі 99,3%-ды құрайтынды, қалған 0,7% қатты отын пайдаланады. «Жайықжылуқуат» АҚ ЖЭО генерациялайтын жабдықтарының негізгі отыны табиғи газ болып табылады. Энергетикалық және су жылыту қазандықтарының резервтік отыны М-100 маркалы мазут болып табылады. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі энергетика басқармасының хабарлауынша, 2022 жылдың соңына дейін облыс халқының газбен қамтамасыз етілу үлесі 99,8% болады деп жоспарланған.
Өңір басшылығы шағын және орта бизнесті дамытуға да ерекше назар аударып отыр. Бизнес бастамаларды қолдау, салалық қолдау және кәсіпкерлік әлеуетті күшейту «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары аясында іске асырылады.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін 16 млн. теңгеге дейін салалық шектеулерсіз жеңілдікті микрокредиттер беру жалғастырылатын болады. Кепіл мәселесін шешу мақсатында микрокредиттерге кепілдік беру жалғасады, деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігі.
БҚО-НЫҢ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МҮМКІНДІГІ КӨП
Батыс Қазақстан облысы туризм саласы да тұралап тұрған жоқ. мұнда Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде ішкі және сырттан келетін қонақтардың туризмін одан әрі дамыту жоспарланған.
2021-2023 жылдары құны 14,5 миллиард теңге болатын халықаралық деңгейдегі 3 қонақ үйді пайдалануға беру жоспарланды. Сондай-ақ облыс орталығында 200 жаңа жұмыс орнын ашылады, халықаралық стандарттар бойынша қонақүйлер салынады. Ол 2021-2022 жылдар аралығына жоспарланды. Жобаның құны – 4,1 миллиард теңге. Бұл тек облыс орталығында ғана емес, Бөрлі ауданының Ақсай қаласында да іске асады. Ақсай қаласында Intercontinental Hotel Group-Holiday Inn халықаралық франшизасы бойынша 108 нөмірлі қонақ үй салу, 45 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Жобаның құны – 3,9 миллиард теңге.
Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Батыс Қазақстан облысының туристік объектілері мен киелі орындарының интерактивті 3D картасын» жаңғыртылды. Өңірдегі туристік маршруттар бір жерге жинақталып, виртуалды турларды әзірленген.
Батыс Қазақстан облысында туристік саланы дамыту үшін кең мүмкіндіктері бар аумақ саналады. Кейінгі 5 жылда сырттан келген және ішкі туризмге келушілер санының 15%-ға артқаны байқалады. Келушілердің өсуі 2021 жылы 84% құрады, ал 2022 жылдың 1 тоқсанында 37%-ға артып, 17,3 мың адамға жетті. Қазір қонақтарды орналастыру орындарының саны 76 бірлікті құрайды, онда 2035 нөмір бар, бұл ретте біржолғы сыйымдылығы 4144 төсек-орынды құрайды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша келушілер саны 84%-ға артып, 76 180 адамды құрады. Ішкі туризмді дамыту мақсатында туроператорлар 27 туристік маршрутты әзірлеп, тізілімге енгізді. Олардың ішінде ең танымалдары – Бөкей хандығына экскурсия, Шыңғырлау ауданына тур бар.
Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес облысымен – Астрахан, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов облыстарымен шектеседі. Сыртқы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы 1 532 шақырымды құрайды.
Облыстың әлемнің барлық елдерімен және Кеден одағымен (ЕАЭО) сыртқы сауда айналымы 2022 жылғы қаңтар-сәуірде 1 866,9 миллион АҚШ долларын құрады және 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 59,2%-ға өсті
Экспорттық жеткізілімдер бойынша өсім 62,3%-ға және 1 664,0 миллион АҚШ долларын құрады, импорттық түсімдер 37,5%-ға өсті және 202,9 миллион АҚШ долларын құрады.
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңірлік туристификацияның ТОП-50 картасына Батыс Қазақстан тарихи-мәдени, сәулет-этнографиялық Хан Ордасы мұражай-қорығы және балалар-жасөспірімдер туризмінің кластері енгізілген.
Ал 2022 жылға шамамен 138 жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған сегіз жоба жоспарланды. Оған бес миллиард теңге бөлінген.