Өнеркәсіп, құрылыс және ТКШ-дағы цифрлық шешімдер: қолайлылық, ашықтық және дәлдікке бағытталған технологиялар

0
219

Цифрлық технологиялар өнімділікті, өнім сапасын және өндірістік жүйелердің икемділігін арттырудың негізгі драйверіне айналуда.


Өнеркәсіп, құрылыс және ТКШ-дағы цифрлық шешімдер: қолайлылық, ашықтық және дәлдікке бағытталған технологиялар

ERNUR.KZ. Өнеркәсіп және құрылыс саласында цифрлық шешімдер, ең алдымен, жер қойнауын пайдалану, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыттарында енгізіледі. ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова негізгі жобалар туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтып берді.

Жер қойнауын пайдалану саласына тоқталған өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы базасында геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылғанын атап өтті. Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктері үшін бірыңғай интерактивті картаның жұмысы қамтамасыз етілді, сондай-ақ лицензиялар беру, келісімшарттар жасасу процестері және лицензиялық шарттар бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізу автоматтандырылады.

«Жыл соңына дейін жасанды интеллект көмегімен геологиялық есептерді өңдеу және геологиялық зерттеу базасын қалыптастыру жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жасанды интеллект сканерленген құжаттарды – есептерді, кестелерді, карталарды таниды. Одан кейін бұл деректер машина оқи алатын Big Data форматына айналдырылады. Сол Big Data негізінде әлеуетті кен орындарының геологиялық модельдері жасалады. Біз бұл модельдерді жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына жүктеп, оны ашық деректер ретінде инвесторлар мен әлеуетті жер қойнауын пайдаланушыларға ұсынуды жоспарлап отырмыз. Қолайлылық, деректердің ашықтығы және нақтылығы геологиялық ақпаратты инвесторлар үшін тартымды әрі түсінікті етеді», – деді Жәннат Дүбірова.

Биылдан бастап лицензиялық-келісімшарттық талаптар бойынша есеп беру толығымен цифрлық форматқа көшірілді. Әкімдіктермен бірлесіп атқарған жұмыс шеңберінде қатты пайдалы қазбалар объектілері бойынша 3449 келісімшарт пен лицензия, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбалар объектілері бойынша 2024 келісімшарт пен лицензия цифрландырылды.

Құрылыс саласындағы цифрландырудың негізгі бағыты – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу. ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірованың айтуынша, бұл жүйе нүктелік құрылысқа жол бермеуге, бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары мен инженерлік желілер бойынша өзекті деректерге қол жеткізуді, сондай-ақ инфрақұрылымы бар жер учаскелерін беруде ашықтықты қамтамасыз етеді.

«Осы жылдың 4-тоқсанында «Құрылыс және реконструкциялау (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну», «Эскизді (эскиздік жобаны) келісу» және техникалық шарттарды беру сияқты мемлекеттік қызметтерді пилоттық жобадан толыққанды форматқа көшіру жоспарланып отыр. Жүйе биыл 3-тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмек», – деді спикер.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін цифрлық бас жоспарларды жобалауды тексеруде жасанды интеллектті қолдану бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады. Кейін оны масштабтау бойынша жұмыстар жүргізіледі.

«Дрон аумақта ұшып, суретті компьютерлік көру арқылы цифрланған бас жоспармен және ПДП-мен салыстырады. Алшақтықтар анықталған жағдайда, мысалы, жерді мақсатсыз пайдалану жағдайында деректер тиісті әкімдіктің мемлекеттік сәулет-құрлыс бақылау басқармасына жіберіледі. Осылайша аумақты бақылау функциясы қамтамасыз етіледі», – деді Жәннат Дүбірова.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін ТКШ саласындағы бірқатар жобаларды аяқтау жоспарланған. Атап айтқанда, Бірыңғай төлем құжатын ауыл деңгейіне дейін масштабтау көзделген.

«Бұл бүкіл ел аумағында коммуналдық төлемдер бойынша ақпараттың асимметриясын алып тастауға және елді мекендер бойынша барлық деректерді қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ТКШ цифрландыру аясында коммуналдық қызметтер реинжинирингі бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл болашақта оларды мемлекеттік қызметтермен тең дәрежеде цифрландыруға мүмкіндік береді», – деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.

Ағымдағы жылдың 4-тоқсанында ТКШ бірыңғай платформасының пилоттық жобасын іске қосу жоспарланған. ТКШ бірыңғай платформасында «Абоненттердің бірыңғай базасы», «Бірыңғай төлем құжаты», «Цифрландырылған коммуналдық қызметтер», «ТКШ объектілерін басқару базасы», «ТКШ аналитикалық картасы» сияқты модульдер қарастырылған.