Өңдеу өнеркәсібінде 11 айдың қорытындысы бойынша НКИ 105,9% құрады. Жыл қорытындысы бойынша өсім 6% деңгейінде болуы ықтимал.
ERNUR.KZ. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша болжам және 2026 жылы экономикалық өсуді қолдаудың тәсілдері қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Өңдеу өнеркәсібінде 11 айдың қорытындысы бойынша НКИ 105,9% құрады. Жыл қорытындысы бойынша өсім 6% деңгейінде болуы ықтимал.
2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі өңдеу салалары динамикасы болжамы:
- металлургия (өңдеу құрылымында 40%) – өсім 1,1%,
- машина жасау (17,5%) – өсім 12%,
- тамақ өнеркәсібі (13,1%) – өсім 9%,
- құрылыс материалын өндіру (5,6%) – өсім 6%,
- химия өнеркәсібі (5,4%) – өсім 6%,
- жеңіл өнеркәсіп (0,7%) – өсім 5%.
Штаб отырысында негізгі экономикалық өсу драйверінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту болжамына ерекше назар аударылды. Түсті және қара металлургияны дамыту перспективасы, «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша қаржыландырылатын жобаларды іске асыру, өңірлердегі инфрақұрылымның жай-күйі және сала өсімінің тұрақтылығына әсер ететін басқа да факторлар қаралды.
Өңірлердің ресурстық және инфрақұрылымдық әлеуетін тиімді пайдалану қажеттілігін ескере отырып, вице-премьер экономикалық өсім үшін аса маңызды, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалын өндіруді қолдау шараларына назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын дайындауды тапсырды.
Сауда-саттықта НКИ 11 айда 8,8% өскен кезде жыл қорытындысы бойынша 8,9% болуы мүмкін. Сауданың өсуіне жинақталған үлестің шамамен 72%-ын бес өңір қамтамасыз етеді:
Алматы – 24,6 трлн теңге (автомобильдер, машиналар мен жабдықтар саудасы, фармацевтикалық өнімдер, шоколад);
Астана – 10,9 трлн теңге (табиғи газ, дизель отыны, авиациялық бензин мен керосин, ет және сүт өнімдерін сату);
Атырау облысы – 6,7 трлн теңге (мұнай өнімдері, машиналар мен жабдықтар);
Қарағанды облысы – 4,5 трлн теңге (фармацевтикалық тауарлар, машиналар мен жабдықтар, косметикалық өнімдер);
Шымкент – 3,6 трлн теңге (фармацевтикалық өнім, ЖЖМ, АӨК өнімі).
760 мыңға жуық бизнес субъектісі бар бөлшек сауда құрылымында жеке кәсіпкерлердің тауар айналымы 10%-ға артып, 8,2 трлн теңгеге жетті. Жедел деректер бойынша, 11 айдағы онлайн сату көлемі 3,3 трлн теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4%-ға артық.
Ауыл шаруашылығы барлық бағыт бойынша тұрақты өсім көрсетеді. 11 айдың қорытындысы бойынша НКИ 106,1%. Өсім жыл қорытындысы бойынша 5% деңгейінде. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 3%-ға артық.
Орташа республикалық деңгейден жоғары өсім Ақмола (115,7%), Қостанай (115,4%), Солтүстік Қазақстан (110,5%), Павлодар (108,2%), Атырау облыстарында (107,4%) тіркелді.
Дәстүрлі дақылдардың өнімділігі тұрақты түрде жоғары болуы аясында биыл жоғары маржиналды майлы және бұршақ дақылы айтарлықтай өсімге әсер етті. Бұршақ дақылынан 1,1 млн-нан асатын рекордтық өнім алынды. Алғаш рет майлы дақыл өндірісінің көлемі 4,7 млн тоннаға жетті. Мақта жинау – 428 мың тонна. Оның өнімділігі 29,6 ц/га. Бұл – соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.


