Өңірлерде 2 мың шақырым су құбыры салынады және қайта жаңғыртылады — Министрлік

0
185

Бүгінгі таңда республикалық меншікте «Нұра топтық су құбыры» РМК және «Қазсушар» РМК қызмет көрсететін, жалпы 1,4 млн астам халқы бар 660 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін, ұзындығы 15,1 мың шақырымды құрайтын 39 топтық су құбыры бар.


Өңірлерде 2 мың шақырым су құбыры салынады және қайта жаңғыртылады — Министрлік

ERNUR.KZ. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесі қаралды. Топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі жобалардың іске асырылу барысы туралы су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз баяндама жасады.

Бүгінгі таңда республикалық меншікте «Нұра топтық су құбыры» РМК және «Қазсушар» РМК қызмет көрсететін, жалпы 1,4 млн астам халқы бар 660 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін, ұзындығы 15,1 мың шақырымды құрайтын 39 топтық су құбыры бар.

«Ауыл тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында елді мекендерде су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, 29 жоба 9 облыста: Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, БҚО және СҚО-да іске асырылуда», — деді бірінші вице-министр Болат Бекнияз.

Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 2 мың шақырым су құбырын реконструкциялау және салу жоспарланған. Бұл 437 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге, жалпы саны 92 мың адамды құрайтын 44 елді мекен тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, мемлекеттік сараптама алғаннан кейін іске асырылатын 5 жоба әзірленуде. Атап айтқанда, Нұра топтық су құбырын қайта жаңарту – бұру және тарату желілері, Алматы облысындағы Қаскелең топтық су құбырынан су құбыры құрылыстары мен тарату желілері алаңдарының құрылысы, Түркістан облысындағы Сарыағаш ТСҚ бас құрылыстарының құрылысы. Нәтижесінде 200 елді мекенді сумен жабдықтау жақсартылады және қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар Ақмола облысының Егіндікөл және Қорғалжын аудандарының елді мекендерінде Нұра топтық су құбырының өте нашар жағдайына байланысты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр.

«Жұмыстар Үкімет резервіндегі қаражат есебінен жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Нұра топтық су құбыры» РМК мен «Қазсушар» РМК бірігуі аяқталуда. Құжаттар ҚР Қаржы министрлігіі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне жолданды», — деп мәлімдеді спикер.

Бұдан басқа, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және ұйымдастыру жөніндегі әкімшілік реформа шеңберінде су шаруашылығын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында Министрлік топтық су құбырларын жергілікті атқарушы органдар теңгеріміне береді. Маңғыстау облысында «Қазба-Қызан-Ақшымырау», «Басқұдық-Беки» екі топтық су құбыры берілді.

Сондай-ақ жыл ішінде Алматы, Атырау және Ақтөбе облыстарында топтық су құбырларын беру жоспарланып отыр. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда және Министрліктің тұрақты бақылауында.