Бастаманың мақсаты – қазақстандық кинематографты насихаттау және кең аудиторияға отандық режиссерлердің туындыларын тамашалау мүмкіндігін ұсыну.
ERNUR.KZ. Аталған іс-шара аясында көрермендер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген фильмдермен таныса алады. Кино көрсетілімдері Қарағанды қаласынан басталды. Алдағы уақытта басқа да қалалар мен ауылдық елді мекендерді қамтиды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Бастаманың мақсаты – қазақстандық кинематографты насихаттау және кең аудиторияға отандық режиссерлердің туындыларын тамашалау мүмкіндігін ұсыну. Әсіресе, ауыл тұрғындарының қатысуына ерекше назар аударылды. Осылайша, оларға қазіргі қазақ киносының үздік шығармаларын көруге мүмкіндік берілді.
Бағдарламада еліміздің мәдени ерекшеліктері мен өзекті мәселелерін арқау еткен әртүрлі жанрдағы фильмдер ұсынылады. Олардың қатарында «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан», «Операция Набат», «Время патриотов» және басқа да картиналар бар.
Әр фильмнің өзіндік терең мағынасы бар және түрлі жастағы көрермендерге арналған. Сондай-ақ, кішкентай көрермендер үшін «Тайқазан» анимациялық фильмі көрсетіледі.
Биыл оннан астам жаңа отандық фильм шығарылмақ.